Мердігерлер жазаланады, жағымсыз иіс жойылады: Сатыбалды Алматының тағы бір ауданын аралап, сын айтты

209



Munarmedia.kz 16.06.2025 /Астана/


Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды бұл жолы Түрксіб ауданын аралап шықты. Тексеру қорытындысы көңіл көншітпеді — бірқатар мәселе жедел шешуді талап етеді.

Нұршашқан шағынауданында тұрғындар су мен жарықтың жиі өшетініне шағымданды. Әкім жылу маусымына дейін инженерлік желілерді толық біріктіруді (закольцовка) тапсырды. Қажет болса, мердігерді ауыстыру жөнінде де мәселе қозғады.

Огарев көшесінде салынып жатқан балабақша мен шығармашылық орталықтың жобалық шешімдері қолданыстағы нормаларға сай қайта қаралатын болды.

Альмерек пен Маяк шағынаудандарында ауызсу жүйелерін тарту, желілерді жаңарту және амбулатория салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Кіші Алматы өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталуға жақын.

"Авиатор" спорт кешені орналасқан жерде күніне 1300 адам қабылдай алатын жаңа спорт кешені мен бассейн салынады. Қонаев атындағы тұрғын кешенде "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында балабақша мен көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Сатылы кестеден кешіккен мердігерлер жауапкершілікке тартылады.

Тұрғындар әкімге канализациядан шыққан жағымсыз иіс, газдың жоқтығы, жолдардың нашарлығы мен қоғамдық көлік бағыттарының жетіспеушілігі туралы шағымдарын жеткізді. Әкім бұл мәселелердің барлығын жеке бақылауына алып, шешімін жеделдетуді тапсырды.

Еске салсақ, бұған дейін Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданына да инспекция жасап, бірқатар кемшілікті сынға алған болатын.

• Фото: Алматы қаласы әкімдігі