Munarmedia.kz 01.10.2025 /Астана/ Бір қарағанда күлкілі, бірақ тереңіне үңілсек — қорқынышты жағдай: мешітке барған хижабтағы қызға белгісіз ер адам "бір реттік неке" (никах) ұсынып, әдепсіз әрекет жасаған. Алайда, оқиғаға байланысты қоғамда қыздың өзін кінәлағандар табылды. Солардың қатарында болған әнші-блогер Жугунусов әйелдерге: «Үйде отырсын, мешітке тек туыс ер адаммен бірге барсын» деген "ақылын" айтып шықты.
⚖️ Алайда, бұл пікір сот шешімімен өшпенділік пен алауыздық тудыратын сипатта деп танылып, блогерге 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кетейік, ол сот отырысына қатыспаған.
Түсініксіз логика және қауіпті риторика
Жугунусов өз пікірін «отбасында қауіпсіз» деген сылтаумен негіздеген. Бірақ шындық басқаша.
Қазақстан мен Орталық Азияда үйдегі зорлық-зомбылық кең таралған. Статистикаға сәйкес, отбасында зорлық көретін әйелдердің саны аз емес. Мұндай жағдайда, "үйде отырса қауіпсіз" деу — шындыққа жанаспайтын, қауіпті миф.
Шын қауіп — әйелдің жалғыз мешітке баруында емес, оның бостандығын шектеуде.
Қоғамда әйелдерге бағытталған осындай патриархалды, орынсыз "ақыл-кеңестер" көбейген сайын, нағыз зорлық-зомбылық, дискриминация және бостандықты шектеу көлеңкеде қалып қояды.
Бір қызығы, мұндай "дәстүршіл кеңесшілер" нақты зорлық әрекеттеріне қарсы үн қатпай, оның орнына әйелдерге «қайда баруға болатынын» үйретуге құмар.
Заң – дінге сенетін әйелдің де, сенбейтіннің де құқығын бірдей қорғайды.
Ал мешіт — ерлерге ғана емес, әйелдерге де ашық орын. Ешкім де — блогер болсын, әнші болсын — әйелдерге шектеу қоятын моральдық төреші бола алмайды.