Munarmedia.kz | 11.10.2025 | Астана Жақында әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінің бейнежазбасы тарады. Онда шенеуніктің эмоцияға беріліп, бейәдеп сөздер айтқаны анық байқалады. Бұл жағдай қоғамда кең талқыланып, облыс әкімдігі тарапынан Можановқа ресми ескерту жасалды.
Көп ұзамай оқиғаға себепкер болған Асқар Можановтың өзі де көпшіліктен кешірім сұрап, мән-жайды түсіндірді.
— Бұл әрекетіме қатты өкінемін. Кеңеске қатысқан әріптестерімнен кешірім сұраймын. Менің жалғыз жұбанышым — бұл сөз ешкімге тікелей бағытталған жоқ. Эмоционалды сәт, ауызға үйір сөз… Біз спортшымыз, футбол, хоккей ойнаймыз, кейде қақпаға гол жіберіп алсақ та, еріксіз айтып қоямыз. Бірақ бұл мені ақтамайды, — деді Можанов.
Ол жақында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне түсініктеме жазғанын және енді тәртіптік кеңестің шешімін күтетінін айтты.
Сонымен қатар, басқарма басшысы әлеуметтік желідегі шабуылдардың артында нақты себептер болуы мүмкін екенін меңзеді.
— ШҚО спорт басқармасының бюджеті шамамен 15 млрд теңгені құрайды. Оның 5 млрд теңгесі — жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруға бөлінген. Клубтармен келісімшарттар жасалғанымен, нақты индикаторлар көрсетілмеген, мақсатты нәтижелер де жоқ. Кейбіреулер тіпті тиісті құжаттарды да тапсырмаған. Біз бұл мәселемен Антикорға жүгіндік. Олар азаматтық сот тәртібімен әрекет етуге кеңес берді. Қазірдің өзінде 11 талап-арыз беріліп, 5 млрд теңгеден астам сома бойынша сот шешімі шықты. Тек өткен аптада 1 млрд 970 млн теңге қайтарылды. Осындай әрекеттерім кейбір "қамқор" жандарға ұнамай қалған шығар, — деді Асқар Можанов.