Munarmedia.kz-24.11.2026ж/Астана/-Астанада халқымыздың музыкалық мұрасын жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени шара өтті. «Бота қолғанат» орталығында 1976 жылы жарық көрген «Моңғолия қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» атты құнды жинақтың жаңартылған нұсқасының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен Ұлы көштің 35 жылдығы қарсаңында қолға алынған бұл бастама ұлттық өнер мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткен соң қайта жаңғырған еңбек электронды форматқа көшіріліп, көпшілікке қолжетімді болды.
Жинақта Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан шыққан белгілі сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы бастаған дәулескер күйшілердің сирек туындылары қамтылған. Тұсаукесер барысында осы күйлердің тарихы мен ұлттық музыка мәдениетіндегі орны таныстырылып, музыкалық мұра насихатталды.
Рухани кешке зиялы қауым өкілдері, жазушылар, композиторлар мен сыбызғышы-күйшілер қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырған «Бота қолғанат» орталығының директоры Бота Баманның айтуынша, мұндай бастамалар ұлттың мәдени жадын жаңғыртып, ұмыт бола бастаған өнер үлгілерін қайта айналымға енгізуге мүмкіндік береді.
Жарты ғасыр бұрын жарық көрген жинақтың қайта жаңғыруы – қазақтың күй өнері мен музыкалық мұрасын сақтау жолындағы маңызды қадам.
#ҚазақӨнері #КүйӨнері #Сыбызғы #МоңғолияҚазақтары #БаянӨлгей #ҰлттықМұра #Астана





