Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Моңғолияда ұлттық жазуды енгізу басталды

85


2025 жылдың 2 қаңтарынан бастап, Моңғолияның барлық мемлекеттік және жергілікті басқару органдары ресми құжаттарда кириллицамен қатар ұлттық жазуды қолдана бастады. Бұл "Моңғол тілі туралы" заңның талаптарын орындау мақсатында жүзеге асырылды, деп хабарлады елдің Білім министрлігі.

«2015 жылы Ұлы Мемлекеттік Хурал қабылдаған "Моңғол тілі туралы" заңның ережелерін кезең-кезеңімен іске асыру мақсатында, 2025 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары құжаттарды кириллицаға қосымша ұлттық классикалық жазумен дайындайды», – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Министрлік бұл заңның 1 қаңтарда күшіне енгенін, алайда бұл күн демалыс болғандықтан, жаңа ереженің 2025 жылдың 2 қаңтарынан, яғни алғашқы жұмыс күнінен бастап жүзеге аса бастағанын атап өтті. Білім беру мекемелері заңды орындау үшін ұлттық моңғол жазуын әртүрлі форматта оқыту жұмыстарын жалғастырады.

Ұлттық тік жазудың шығу тегі туралы ең кең таралған нұсқа бойынша, ол Шыңғысханның ұйғыр жазуын моңғол тіліне бейімдеу туралы жарлығы негізінде пайда болған. Ғалымдардың пайымдауынша, Қытаймен жасалған келісімдер кезінде, қытай иероглифтері тік жазылатындықтан, моңғолдар да өз жазу жүйесін тік бағытқа бейімдеген. Ең алғашқы жазба ескерткіш – Эрмитажда сақталған, "Шыңғыс тас" деп аталатын тасқа қашалған мәтін.