Munarmedia.kz 19.10.2025 /Астана/ Алматы облысы, Өтеген батыр ауылында өткен өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің тұрғындармен кездесуі үлкен дау-дамаймен аяқталды. Жиынға сондай-ақ ҚР Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов те қатысқан еді.
Алайда залдағы толқу кездесудің өзінен бұрын басталды. Ауыл тұрғындарының ашу-ызасын тудырған басты себеп — кездесудің жай-жапсары тым кеш хабарланғаны. Акимат Instagram парақшасында жиын туралы хабарды тек кешкісін жариялап, оның басталуына небәрі 17 сағат қалған болатын. Соның кесірінен көпшілік бұл туралы біліп те үлгермеген. Ал білгендердің өздері келгенде – зал лық толып, бос орын қалмаған.
Жаңа салынған Мәдениет үйі, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай бой көтерген бұл нысан, халықпен жүздесуге арналса да, оның 70 пайызын мұғалімдер, 20 пайызын мемлекеттік қызметкерлер иеленген. Ал шын мәнінде, мұндай кездесулер қарапайым халық үшін өтуі тиіс еді.
«Мен Өтеген батыр ауылының тұрғынымын. Бұл кездесуге әкімге сұрақ қою үшін келдім. Бірақ кіре алмадым – орын жоқ. Бәрі мұғалімдерге толып қалған. Хабарландыруды неге алдын ала ілмеді? Айтарым көп. Жолдардың жағдайы нашар, жарық мәселесі шешілмеген. Төрт мектеп бар, бәрі лық толы. Өзім жеке мектеп ашпақ болдым – акимат кедергі жасап жатыр. АЭС құрылысы, тұрғын үй жайлы да сөйлескім келген еді», – дейді ашынған ауыл тұрғыны.
Кейбір келген азаматтарды орын босатуын сұрап, «тағайындалған» қатысушыларды отырғызу әрекеті жұрттың ашуын одан сайын қоздырды. Алдыңғы қатардағы орындықтарға есімдер жазылған қағаздар ілінген. Жиынға келген тұрғындар:
«Небәрі он шақты қарапайым азамат кіріп отыр. Қалғаны – мұғалімдер. Бұл залды толтыру үшін әкелінді ме? Мүмкін мектеп директорлары солай бұйрық берген шығар. Ал біз әкімге жеке бара алмаймыз!» – деп наразылық білдірді.
Кейбір қатысушылар әкімнің сөзіне де назар аудармады – телефондарына үңіліп отырғандар көп болды.
"Нақты мәселелер залдың сыртында қалып қойды. Ал іште болған оқиға — жай ғана қойылымға ұқсайды."