Етіксіз етікші
Белгілі болғандай, әлемдегі жетекші мұнай өндіруші елдердің бірі ретінде танылған Қазақстан 2030 жылға қарай ішкі нарықта «қара алтын» тапшылығына тап болуы мүмкін. Есепте келтірілген тағы бір қызықты факті – қытайлық CNPC мұнай-газ компаниясы мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» республиканың мұнай нарығында үстем жағдайға ие субъектілер ретінде танылды.
Қара алтын нарығындағы жағдайды тереңірек түсіну үшін салаға қатысты сандарға көз жүгіртіп көрейік.
Айталық, 2022 жылы Қазақстанда өндірілген 84,2 млн тонна мұнайдың 18,8 млн тоннасы елдің ішкі нарығына түсті. Дәстүр бойынша елде өндірілген өнімнің көп бөлігі экспорттық нарықтарға жөнелтілді. 2023 жылы 89,9 млн тонна мұнай өндірілсе, қазақстандықтардың қажеттіліктеріне 16,6 млн тонна немесе жалпы өндірістің 18,5%-ы жұмсалды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ орналасқан, республикадағы өндірістің жалпы көлемінің 67%-ы соларға тиесілі. Бұл кен орындарының негізгі акционерлері – шетелдік компаниялар. Осы алып кен орындарынан өндірілген мұнай елдің ішкі нарығын айналып өтіп, тек шет мемлекеттерге экспортталады.
Ал елдің ішкі нарығын мұнаймен қамтамасыз ету жөніндегі негізгі әлеуметтік жүктеме «ескірген» кен орындары санатына жататын жер қойнауын пайдаланушыларға түседі.
CNPC және ҚМГ қалай монополист болды
Агенттіктегілер нарықта осындай («ескірген» кен орындарында жұмыс істейтін) 105 жер қойнауын пайдаланушы барын анықтады, олардың негізгілері – CNPC мен «ҚазМұнайГаздың» нарықтағы жиынтық үлесі 60%-дан асады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2022 жылы мұнайды өткізудің негізгі көлемі CNPC тұлғалар тобына – 6 703,3 мың тонна немесе 35,6%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тұлғалар тобына – 4 629,9 мың тонна немесе 24,5% тиесілі. Қалған субъектілердің жиынтық көлемі мен үлесі – 7 495,8 мың тоннаны немесе 39,9%-ды құрайды.
2023 жылы мұнай өткізудің негізгі көлемі CNPC тобына – 6 532,4 мың тонна немесе 39,3%, «ҚазМұнайГаз» тобына – 4 688,3 мың тонна немесе 28,2% тиесілі. Қалған субъектілердің жиынтық көлемі мен үлесі – 5 384,1 мың тоннаны немесе 32,5%-ды құрайды.
– Осыған байланысты, Кодекстің 172-бабының 4-тармағына сәйкес CNPC тобы мен ҚМГ тобы нарықта үстем жағдайға ие субъектілер деп танылды, - делінген есепте.
Қазақстан мұнай тапшылығын тартуы мүмкін
Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай қазақстандықтарды қара алтынмен қамтамасыз ететін жер қойнауын пайдаланушылар өндіретін мұнай көлемі 5 млн тоннаға немесе 15%-ға төмендейді, ал тұтыну көлемі 20%-ға өседі деп болжанып отыр.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің болжамынша, бұл әлеуметтік жүктемені 2030 жылға қарай ағымдағы 55%-дан 77%-ға дейін ұлғайтады, салдарынан мұнай өндірушілердің ішкі нарықты субсидиялау жөніндегі мүмкіндіктері сарқылуы мүмкін.
Осылайша, бірнеше алып мұнай-газ кен орындары бар мұнай өндіруші ел орта мерзімді перспективада қара алтын тапшылығын тартуы ғажап емес…