Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

"Мұраттың мұрасы" белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлына арналған кеш өтті

95

Елорда төрінде Монғолияда туып өскен ақын, қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлына арналған іс шара өтті. 

Ұлттық Академиялық кітапханада өткен "Мұраттың мұрасы" атты конференцияда ақынмен бірге Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған курстастары, туыстары, ақын Сұраған Рахметұлы, этнограф, жазушы Бекен Қайратұлы, тарихшы, журналист Асылбек Байтанұлы, "Отандастар" қоры төрағасының кеңесшісі Қ.Қобландин т.б елімізге танымал азаматтар қатысып естеліктерімен бөлісті.


Ақынның жары Сақтағанова  Шайзада ханым жиналған жұртқа алғысын білдіріп, балалары жинақтап шығарған Мұрат ақынның өлеңдер жинағын таныстырды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізген конференцияда Мұрат ағаның ақын ғана емес, Монғолияда сонау 90-жылдары демократия орнатуға атсалысып, көп жылдар бойы Халық партиясының Баян-Өлгей аймақтық филиалын басқарған саяси қайраткерлігі туралы да айтылды.


Шайзада жеңгеміз Торғай өңірі, Амангелді ауданының тумасы. 70 жылдар ортасында Алматыға арман қуып, оқуға түсіп, Монғолиядан келген студент Мұратпен көңіл жарастырып, қол ұстасып, Торғайға барып ата-анасының рұқсатын алып, бейтаныс Монғол еліне аттанған екен.

Үш ұл өсіріп шаңырақ көтеріп, Баян-өлгейдегі беделді отбасының біріне айналған Мұрат шаңырағын шайқалтпай ұстап отырған асыл жеңгеміз 90 жылдары шекара ашылғанда ғана атажұрттағы төркінімен қауышыпты.


Тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңінде атамекенге ағыла көшкен қазақтарға арнап атақты "Ел көшкенде" әні ( сазгер Бержан Файзуллаұлы) әлі күнге дейін әнұран іспеттес, сарғайған сағыныштың сазды әуені болып мыңдаған қазақтың жүрегінде қалды.

Қазағым, едім деп кеткен есіл ер бар жоғы 45 жыл өмір сүрсе де, артына мол мұра қалдырған жалынды ақын, жанкешті саяси істерімен ел есінде мәңгілікке сақталды.

Сол күні Астана қаласындағы филармонияда "Мұраттың мұрасы" атты ақынның сөздеріне жазылған концерт жоғары деңгейде өтті.


Елімізге танымал әншілер Бейбіт Қорған, Қажымұрат Шешенқұл, Ауғанбай Иса (Аука), Өзгеріс Шерікбай т.б өнерлі жастар қатысқан концертті тамашалауға келген халықтың қарасы көп болды.

Ақын Мұраттың сөзіне жазылған жаңа әндер қазақ әндерінің алтын қорын толықтырды десек артық айтқандық болмас.

Құттықтау сөз сөйлеген ҚР Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Нұргүл Тау, "Отандастар" қоры төрағасының кеңесшісі Қ.Қобландин, Монғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Энхбаяр, ақын Дәулеткерей мырзалар мен ақынның жары Шайзада жеңгеміз жүрек жарды лебіздерін айтып, алғыстарын білдірді.


Айта кетерлігі өткен жылы Баян-өлгейде Мұрат ақынға арналған халықаралық айтыс та өткен болатын.

Үш сағатқа жуық шырқалған әндер көрермен көңілінен шықты.

Кешті ұйымдастырған ақынның жары Шайзада, ұлы кәсіпкер азамат  Ғалымбекке және қолдау көрсеткен Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысымызды білдіреміз.

Өзге елде жүрсе де, қазақтың атын шығарып, абыройын жықпаған Мұраттай қайраткерлеріміздің есімі мәңгілік есімізде қалады.

Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын!