Мьянмада су тасқыны салдарынан бір адам қаза тапты: 24 мыңнан астам тұрғын зардап шекті

15

Munarmedia.kz.30.09.2026.ASTANA.Мьянманың оңтүстігіндегі Танинтайи аймағында нөсер жаңбыр мен су тасқыны салдарынан бір адам қаза тауып, 24 мыңнан астам тұрғын табиғи апаттан зардап шекті.

«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, су тасқыны әсіресе Танинтайи аймағындағы Давэй ауданына қарасты елді мекендерге ауыр соққы болған.

Мьянма Әлеуметтік қамсыздандыру, төтенше жағдайларға көмек көрсету және қоныстандыру министрлігінің мәліметінше, 24 089 адам нөсер жаңбыр мен аяқ астынан болған су тасқынынан зардап шеккен. Лаунглон қалашығында бір адам көз жұмған.

Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың бір бөлігі уақытша орналастыру орталықтарына көшірілді. Ел үкіметі оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 30 миллионнан астам мьянма кьятын бөлген. Сонымен қатар Танинтайи аймақтық үкіметі халыққа негізгі азық-түлік өнімдерін жеткізуге тағы 16 миллионнан астам кьят қарастырған.

Жергілікті жедел жәрдем қызметінің өкілі Аун Мьоның айтуынша, нөсер жаңбыр 25 қыркүйекте басталған. Келесі күні аймақта көшкін жүріп, жағдайды одан әрі қиындатқан.

Су тасқыны мен көшкін Танинтайи аймағындағы Лаунглон, Давэй және Тхаетчаунг аудандарына әсер етті.

Құтқарушылар зардап шеккен тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялап, уақытша орналастыру орындарына жеткізуде.

#Мьянма #СуТасқыны #ТабиғиАпат #Танинтайи #ӘлемЖаңалықтары #Munarmedia