Munarmedia.kz 07.10.2025 /Астана/ Ақмола облысында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 152 миллион теңгені құраған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаменті облыстық прокуратураның үйлестіруімен «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша істі тергеуді аяқтаған. Бағдарламаның басты мақсаты – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар арасындағы тұрғын үй кезегін қысқарту болатын.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2020 жылы облыстық құрылыс бөлімі мен «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында құны 500 миллион теңгеден астам мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.
Алайда үш жыл бойы мердігер компания құрылыс бөлімі басшысының қолдауымен жалған актілер мен орындалған жұмыстар туралы бұрмаланған есептерді ұсынып отырған. Бұл құжаттарда нақты жүргізілмеген жұмыстардың көлемі мен құны бірнеше есе артық көрсетілген.
Нәтижесінде мемлекетке 152 миллион теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген.
Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 100 миллион теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды. Ал мердігер компанияның басшысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар жария етілмейді.