Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген танкер АҚШ санкциясына ілікті

75


Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталған мұнай танкері АҚШ-тың санкциясына ілікті. Ол Ресейдің «Роснефтефлот» компаниясына тиесілі.

10 қаңтарда АҚШ Қаржы министрлігі Ресейге қарсы жаңа санкциялар тізімін жариялады. Тізімге Ресейдің екі ірі мұнай-газ компаниясы — «Газпром нефть» пен «Сургутнефтегаз», сондай-ақ «Совкомфлот», «Роснефть» және «Газпром нефть» компанияларына байланысты 100-ге жуық кеме енді.

Бұл кемелердің арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген танкер де бар. Ол «Звезда» кеме жасау кешенінде салынған.

Танкердің салтанатты түрде негізі 2020 жылдың 6 шілдесінде, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің 80 жылдығына орай қаланған.

Танкерге Назарбаевтың есімін беру туралы шешімді Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін Ресей үкіметі қабылдаған.

Танкер «афрамакс» класына жатады, ол шикі мұнай мен басқа да сұйық жүктемелерді тасымалдауға арналған. Оның ұзындығы 250 метр, ені 44 метр, ал жүк көтергіштігі 114 мың тонна. БАҚ мәліметінше, танкер құрылысы 2022 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс болған.

Бұған дейін «Курсив» басылымы АҚШ-тың жаңа санкциялары «Газпром нефтьтің» Қазақстандағы еншілес компаниясы – елдегі жанармай құю станцияларының желісіне иелік ететін «Газпром нефть Қазақстанға» да қатысты екенін жазған еді.