НЗМ мектептерінде оқу мерзімі 12 жылдан 11 жылға қысқартылуы мүмкін

9

Munarmedia.kz | 09.09.2026 | АСТАНА– Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу мерзімін 12 жылдан 11 жылға қысқарту мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Қазір НЗМ-нің 12-сыныбында негізінен оқушыларды жоғары оқу орындарына, оның ішінде шетелдік университеттерге түсуге дайындайтын қосымша бағдарламалар оқытылады.

Министрліктің жоспарына сәйкес, 12-сыныптағы оқу бағдарламасының негізгі бөлігін 11-сыныпқа енгізу арқылы оқушылардың толық білім беру бағдарламасын 11 жыл ішінде меңгеруіне мүмкіндік жасау көзделіп отыр.

«12-сыныпта жүргізіліп жатқан бағдарламалардың барлығын 11-сыныпқа біріктіріп енгізуге болады. Сондықтан қазір оқу бағдарламасын талдайтын арнайы комиссия құрылды», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектептерін бітірушілердің 88 пайызы 18 жаста. Сонымен қатар өткен жылы НЗМ-ді 19 жасында 300 оқушы тәмамдаған.

Қазіргі таңда комиссия оқу бағдарламаларын талдап, оқу мерзімін қысқарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Соңғы шешім зерттеу нәтижелеріне байланысты қабылданады.

#Қазақстан #НЗМ #НазарбаевЗияткерлікМектептері #Білім #ОқуАғарту #Мектеп #ОқуБағдарламасы #ЖоғарыБілім #Munarmedia