Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов біртұтас уақыт белдеуіне көшу жөніндегі пікірталастарға нүкте қойды. Бектеновтың айтуынша, үкімет шешімі 2017 жылы «Нобель» сыйлығымен марапатталған америкалық ғалымдардың циркадтық ритмдер туралы зерттеулеріне негізделген. Алайда, дәл осы зерттеулерден қазіргі UTC+5 уақыт белдеуі табиғи, ал үкімет алып тастаған екінші уақыт белдеуі табиғи емес деген тұжырым қалай шыққанына премьер түсініктеме берген жоқ. Тек екінші уақыт белдеуі кеңестік кезеңде директивалық жолмен енгізілгенін айтып, азаматтарға қамқорлық көрсетуге уәде берді:
«Біртұтас уақыт белдеуіне көшу кейбіреулер үшін қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Организм бірте-бірте бейімделеді. Егер аймақтарда қандай да бір қолайсыздықтар болса, инфрақұрылымды, жарықтандыруды жақсарту, икемді жұмыс кестесін ұйымдастыру қажет, бұл біздің еңбек заңнамасымен рұқсат етіледі. Барлық осы мәселелерді шешуді жалғастырамыз», – деді премьер-министр.
Алайда азаматтардың барлығы партияға, үкіметке және жеке Бектенов жолдасқа алғыс білдіре қойған жоқ. Кейбіреулер әлі де наразылық білдіруде. Бұған дейін біртұтас уақыт белдеуінен бас тартуды талап еткен петиция 50 мың қол жинағанымен, билік оны қабылдамағаны есте. Жақында жаңа петиция пайда болды – бұл жолы «уақыт белдеуі» реформасының бастамашысы Еркін Әбілден депутаттық мандатын қайтаруды талап етуде. Ал заңгер Серікжан Ахметжанов уақытты ауыстыру туралы үкіметтің қаулысын жоюды талап етіп, сотқа жүгінуге тырысуда, бірақ әзірге нәтижесіз.
Енді, премьер-министр мәселеге нүкте қойған соң, үш жыл бойы біртұтас уақыт белдеуінің азаматтардың денсаулығына әсерін зерттемек болған Ғылым министрін тоқтату керек шығар. Бұл мәселеде екі түрлі көзқарас болуы мүмкін емес: үкіметтің және Бектенов жолдастың арқасында қазақстандықтардың денсаулығы нығайып жатыр мыс. Енді осы мәселені көтере беретіндерді қылмыстық кодекске "уақыт өзгерісіне қарсы шыққаны үшін" деген бап енгізіп соттай бастаса бұл нағыз жаңақазақстандық әлемде аналогы жоқ реформа болайын деп түр. Бұған да келерміз. Ештенеге таң қалуға болмайтын мемлекетте өмір сүреміз ғой.
Асылбек Байжұмаұлы