Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Облыс әкіміне пысқырмайтын Ерейментаудың әкімінің артында кім тұр?

334


 

Өткен жылы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарын шулатып, астанаға іргелес орналасқан аудандағы қоқысты тазалап ретке келтіре алмаған Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатов сөгіс түрінде жаза алған еді. Өз бақылауындағы ауданға ие бола алмаған аудан әкімі Нұрлан мырза қала әкімі Сапар Барлыбаевты жазалап, жұмыстан шығарып басқа жұмысқа ауыстырумен құтылып еді. Одан бергі жағдай қандай? Біздің тілшілеріміз шолу жасап, тұрғындармен кездесті.  



Аудан тұрғыны Лесбек Қазбекұлының айтуына қарағанда «Ерейментау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жағдайы қанағаттанарлықсыз. Полигон маңайы қоқысқа толған, қоқыс қалдықтары үйінді түрінде шашылып жатыр, олар жабылмаған, яғни көму және тығыздау жұмыстары жүргізілмеген. Полигонда рекультивациялық (қалпына келтіру) жұмыстар мүлдем жүргізілмеген. Полигонды иеленіп отырған мердігер – жеке кәсіпкер өзіне жүктелген полигонды күтіп-ұстау міндеттерін орындамай отыр. «Эко Жәрдем» ШЖҚ МКК өз қызметін толық деңгейде атқармай келеді. Қазіргі таңда полигон толып кеткен, сол себепті жабық, құлыптаулы күйде тұр.



Тұрғындар көктемгі абаттандыру айлығы шеңберінде жиналған қоқыстарын төгетін ресми орын таппай, амалсыздан қаланың маңайына заңсыз қоқыс төгуде. Бұл экологиялық жағдайды ушықтырып отыр. Осыған байланысты бірқатар маңызды сұрақтар туындайды: Полигонның жұмысын кім қадағалайды? Экологиялық кодекстің талаптары неге сақталмай отыр? Бұл салада бақылау қайда?-дейді.

«2024 жылы ауданның жанындағы тұрмыстық қалдықтар полигонын (ТБО) тазалау жинақтау жұмыстарын жүргізуді аудан белсенділері облыс әкіміне барып, өтініш білдірген соң, облыс әкімі аудан әкіміне екі айдың ішінде ретке келтіру туралы нақты тапсырма берген еді. Қоқыстың іші малдың мен ит, құстың өлексенің күлімсі исі шығып, жеңіл пакеттер мен басқа да қоқыстар аудан ішіне шашылып жатқанын көзімізбен көрдік.

Аудан басшысы Нұрлан мырза күл-қоқыс жиналып, толып қалған полигонды тазалауға техника таппай жүр ме? Күн жылынып, қар еріген соң күл-қоқыс анадай жерден мен мұндалап, көрініп тұр екен. Осындай біліксіз басшылардың кесірінен халықтың мемлекетке, облыс әкіміне, Президентке деген сенімі жоғалып жатқан жоқ па?

Тым болмаса Талғардағы қала әкімінен үлгі алса болар еді. Тыңдар құлақ болмаған соң, Ереймен халқы облыс әкімінен, бұқаралық ақпарат құралдарынан демеу іздеп, көмек сұрауға мәжбүр.

Ауданды аралап жүргенімізде бір қызық әңгімені естідік. Президент тапсырмасы бойынша барлық аудандарда әкмінің жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесші деген лауазым енгізіліпті.

«Ақмола облысында құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі 2025 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған Құқықбұзушылықтардың алдын алу жылы аясында, облыс әкімінің 2025 жылғы 25 қаңтардағы қаулысына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Ерейментау ауданы әкімдігінде құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі әкім кеңесшісі болып Жілқайдаров Төлеутай Қазбекұлы тағайындалды.

 Ол – сонымен қатар аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі және ҚР ІІМ Ерейментау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.Алайда, бұл тағайындауға қатысты да сұрақ туындап отыр: Құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесуге бұрын ешқашан құқық қорғау саласында, атап айтқанда әкімшілік, қылмыстық немесе тергеу салаларында жұмыс істемеген, офицерлік шені жоқ адам қалай жауапты бола алады? Мұндай қызметке нағыз сала мамандары тартылуы тиіс емес пе?» бейді аудан тұрғыны Хамит Құлыбеков ақсақал.

Тұрғындардың айтуынша. Нұрлан Мұқатов мырза өзіне кеңесшілікке бұрын аудандық ішкі істер бөлімінде кіші қызметкер болған, сержант шеніндегі Жылқайдаров Төлетай Қазбекұлы деген құдасын таңдапты мыс. Ал бұған аудандағы зейнеткерлікке шыққан майорлар мен капитан, полковниктер ашулы көрінеді. Расында лауазымға лайықты, білімді, білікті мамандар болған жөн ғой.

Жалпы кадр таңдау мәселесінде облыс әкімдігі ақсап тұрғаны шындық. Бұландыны су алып, Степногордың әкімі қалаға дұрыс қарамай әйтеуір бассыз, бақылаусыз кетіп жатқанын көріп отырмыз.

Сталин айтқандай «Кадры решают все!». Өкінішке орай, облысмыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін облыс әкімі Марат Ахметжанов қаншама еңбектеніп жатса да, біліксіз мамандардың кесірінен жақсы бастамалар, жалған баяндамалардың астында көміліп жатыр.

 Мұндай проблема облыстың кез-келген ауданынан табылады. Жүйелі жұмыс, тұрақты бақылау , білікті маман, тәжірбиелі азаматтар болмаған соң қаншама еңбек етсе де бәрі зая кететіні ақиқат. Адал азаматтарға күйе жағып, ақиқатты айтқаны үшін  қара тізімге кіргізетін «Нұр Отаннан» қалған ережені қатаң сақтайтын облыс әкімдігінің аппараты алдағы уақытта өсек, аяң емес нақты жұмыстарға назар аударғаны дұрыс болар.

 

Құлан Қазбекұлы.