Обухов кен байыту комбинатына қатысты атышулы іс бойынша үкім шықты

30

Munarmedia.kz 17.10.2025 /Астана/ Павлодарда алқабилердің қатысуымен өткен сот процесі ел назарын аударған қылмыстық іске нүкте қойды. Обухов кен байыту комбинатының (ГОК) тең иесі Виктор Долгалёв, оның ұлы Данил, кәсіпкер Санат Құрманбаев және астаналық адвокат Тимур Садвақасов кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге сотталды.

Долгалёвтерге рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысты және заңсыз жолмен жер қойнауын пайдаланғаны үшін айып тағылды. Сонымен қатар, Виктор Долгалёв пара беруге оқталғаны үшін де жауапқа тартылды. Ал адвокат пен елордалық бизнесмен – пара беруге итермелеу және алаяқтық деректері бойынша айыпталды.

Тергеу мәліметінше, Виктор Долгалёв «Обуховский ГОК» ЖШС арқылы пайдалы қазбаларды заңсыз өндіріп қана қоймай, комбинаттың негізін қалаушылардың бірі болып табылатын «Тиолайн» компаниясындағы өзге серіктестерге қарсы жалған қылмыстық іс қозғауға тырысқан. Бұл мақсатқа 180 млн теңге бөлініп, оның 90 миллионы нақты төленіп те үлгерген.

Сот Виктор Долгалёвті 11 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге үкім етті. Ұлы Данил Долгалёвке рақымшылықты ескере отырып, 4 жыл 9 ай жаза кесілді.

Санат Құрманбаев пен Тимур Садвақасов 10 жылдан түрмеге жабылып, олардың да пәтері, көлігі, тұрақ орны және 90 миллион теңгесі мемлекет пайдасына тәркіленді.

Бұдан бөлек, мемлекет пайдасына шамамен 4 триллион теңге (!) өндіріп алу және 119 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік бажды төлеу туралы шешім қабылданды.

Айта кетерлігі, бұл адамдар бір жыл бұрын дәл осы істе ақталып шыққан еді. Алайда кейіннен сот процесінде алқабилерге, тіпті олардың балаларына қысым көрсетілгені анықталып, іс қайта қаралды.

Обухов кен байыту комбинаты — титан-цирконий кендерін өндіретін ірі кәсіпорын. Ол Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданында орналасқан. Бастапқыда комбинаттың иесі болған «Тиолайн» компаниясында жеті құрылтайшы болған, олардың бірі — Виктор Долгалёв.