Munarmedia.kz 26.01.2026 /Астана/-Жуырда отандық Steppe Rider ойыны көпшілікке қолжетімді болды. Алайда қазақстандық қолданушылардың басым бөлігі жобаға көңілі толмайтынын білдірді.
Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ойынның сапасы мен құнының сәйкессіздігіне байланысты сын күшейді. Пайдаланушылар әлсіз графика мен тым қарапайым геймплейге назар аударды. Конкурс шарттарына сәйкес, жоба ойыншы өз ырғағымен кейіпкерін дамытып, сипаттамаларын жетілдіретін және қазақ тілін үйретуге арналған тапсырмаларды орындайтын кезең-кезеңімен өтетін RPG-ойын болуы тиіс еді.
Алайда іс жүзінде дайын өнім Subway Surfer стиліндегі ойынға көбірек ұқсап шыққан: кейіпкер үздіксіз жүгіріп, ойын ішіндегі тиындарды жинайды.
«Мұндай ойын үшін бөлінген бюджет негізсіз тым жоғары. Индустриядағы бірнеше маманмен сөйлестік, барлығы дерлік ең қымбат дегенде де бұл ойын 50 мың доллардан (шамамен 25 млн теңге) аспауы керек еді дейді», – деп жазады Instagram желісіндегі қолданушылар.
Бұл сынға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жауап беріп, 242 млн теңге көлеміндегі шығын орынды екенін айтты.
«Мұндай ойындарды әзірлеу кемінде екі жыл уақыт алады. Жобаға 30-дан астам адам қатысты. Олардың жалақысы мен қамтамасыз етілуі бар. Осындай қысқа мерзімде ойын жасалды», – деп түсіндірді ол.
Қазақ тілін үйрететін ойын әзірлеу бойынша конкурсты «United Kingdom» ЖШС ұтып алған. Бұған дейін компания көрмелер ұйымдастырумен айналысқан. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен аталған компания арасындағы келісімшарт 2025 жылғы 2 сәуірде жасалған. Әзірлеушілер жұмысты белгіленген мерзімде – 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтаған.
Ведомство өкілдері бұл жоба – осы бағыттағы алғашқы отандық ойын екенін атап өтті. 2026 жылы ойынды белсенді түрде жетілдіру және жаңарту жоспарланып отыр.
«Ойынды қазірдің өзінде 30 мыңнан астам адам жүктеді. Пікірлердің басым бөлігі – оң. Тіпті Ресей мен Еуропа елдерінен де пікірлер келіп жатыр. Олардың барлығы қазақ тілін үйреніп жүр», – деп қосты комитет төрағасы.
Ербол Тілешовтің айтуынша, 2026 жылы әзірлеушілер кепілдік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ ойынға карта, жаңа ойын механикасы, бәсекелестік режимі және кейіпкерлерді баптау (кастомизация) мүмкіндіктері қосылмақ.