Munarmedia.kz.03.09.2026.ASTANA — Оңтүстік Кореяда Өзбекстанның төрт азаматына терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнаманы бұзды деген айып тағылды. Тергеу мәліметінше, олар Сирия аумағында әрекет ететін «Катиба ат-Тавхид валь-Джихад»* ұйымына ақша және көлік құралдарын жіберген.
Кванджу полиция басқармасының мәліметінше, күдіктілердің бірі 2024 жылғы тамыздан 2025 жылғы сәуірге дейін аталған ұйымға жеті рет криптовалюта аударған. Төлемдердің жалпы сомасы 6,3 млн вонды (шамамен 4,5 мың АҚШ доллары) құраған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті террористік ұйымнан криптовалюта алып отырған. Кейін ол бұл қаражатқа Оңтүстік Кореядан жалпы құны 170 млн вон болатын 11 ескі автокөлік пен екі экскаватор сатып алған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, сатып алынған техника кейін Сирияға жөнелтіліп, ұйым мүшелері оны өз базаларын жабдықтау үшін пайдаланған.
Полиция күдіктінің ұйым мүшесі ретінде ресми тіркелмегенін анықтаған. Алайда ол осы топтың мүшесі болған інісінің ықпалымен ұйымға қаржылай және материалдық қолдау көрсете бастаған деген болжам бар.
Басты күдікті халықаралық іздеуге жарияланып, сәуір айында ұсталған. Қазір ол қамауда отыр және сот алдында жауап беруде. Қалған үш Өзбекстан азаматы күдіктіге көлік іздеуге және сатып алуға көмектесті деген айыппен іс бойынша тергеліп жатыр. Олар қамауға алынбаған.
Тергеу мәліметінше, басты күдікті Оңтүстік Кореяға 2017 жылғы тамызда D-2 студенттік визасымен келген. Тэджон қаласындағы университетті тәмамдағаннан кейін, визасының мерзімі 2023 жылғы қаңтарда аяқталғанына қарамастан елде заңсыз қалған. Ол Тэджонда тұрып, құрылыс саласында күнделікті жұмыс істеген.
Іс қазіргі уақытта сотта қаралып жатыр. Сот үкімі 3 қыркүйекте жариялануы тиіс. Прокуратура басты күдіктіге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
*«Катиба ат-Тавхид валь-Джихад» — БҰҰ террористік ұйымдар тізіміне енгізген ұйым.
#Munarmedia #Астана #ОңтүстікКорея #Өзбекстан #Терроризм #Қауіпсіздік #Сот #ӘлемЖаңалықтары #Сирия