"Ордадағы" ойран: танымал журналист қысымға шыдамай елден кетуі мүмкін...

47



Orda порталының негізін қалаушы әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенова қысым көріп жатқанын жария етті. Арнайы видеоүндеу жасаған журналист сайтты рейдерлік жолмен тартып алмақшы болғандардың артында билікке жақын адамдар тұрғанын мәлімдеді.

Бұл туралы Ertenmedia.kz хабарлайды.

"Менен Orda-ны "Сана" орталығына өткізуді талап етіп жатыр. "Ештеңе өзгермейді, тек бір ғана шарт бар редакцияны тікелей басқарып отырамыз. Редакцияда қалу-қалмауыңыз біздің айтқанымызға көну-көнбеуіңізге байланысты болады. Сіздер мүлде "тыңдамайсыздар", бізді шаршаттыңдар" деген шарт қойды", – деді Бажкенова видеоүндеуінде.



Редактордың айтуынша, Orda.kz сайты Мақсат Ғаниев есімді адамға өтуі тиіс болған. Бұл адаммен ол ешқашан жүздеспеген, жеке танымайды да. Сайтты 2020 жылы ашқанда жақын достарының бірі дәл осы адамды құрылтайшы ретінде ұсынған. Қазіргі келіспеушіліктің басты себебі Бажкенованың өткір материалдары мен «айтқанға көнбеуі».

Бас редактор сайттағы мақалалар салдарынан жарнама берушілер мен серіктестерге қысым жасалып, кейбір серіктестер әкімшіліктен хабарласып, материалдарды алып тастауды ашық талап еткенін айтты.

«Сайтты сақтап қалу үшін кейбір мақалаларды өшіріп, ресурс бұғатталды деп мәлімдеуге тура келді. Мен осы шартқа амалсыз көндім», – деді журналист.

Гүлнәр Бажкенова президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын атап өтіп, дегенмен дәл осы Тоқаев тұсында журналистерге жасалған қысым күшейгеніне қынжылыс білдірді.



Оның айтуынша, билік өкілдері сайтты «Сана» орталығына өткізіп, орталық жетекшісі Дәурен Қайсаровтың қол астына өтуге үгіттеген. Журналистің пікірінше, аталған орталық Ақорда әкімшілігіне бағынышты.

«Мына түріммен кетуге мәжбүр болармын. Бірақ оңайлықпен берілмеймін. Қазір Нью-Йорктегі серіктестеріміз осы жағдай бойынша сотқа талап-арыз дайындап жатыр», – деп түйіндеді Бажкенова.