Munarmedia.kz 26.01.2026 /Астана/-Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) талдамалық баяндамасында айтылған.
Сарапшылар орнықты дамудың барлық бағыттары бойынша, әсіресе экономикасы қалыптасу және даму кезеңіндегі елдерде серіктестік пен ынтымақтастықты күшейтудің аса өзекті екенін атап өтеді.
ЕАДБ есебінде Орталық Азиядағы Арал теңізі алабы екі негізгі сын-қатерге тап болып отырғаны көрсетілген. Олар – су және энергетикалық инфрақұрылымға салынатын инвестициялардың жеткіліксіздігі, сондай-ақ өңірлік деңгейде тиімді ынтымақтастықтың болмауы.
Аталған факторлар аймақта су мен энергияны пайдаланудың тиімділігін айтарлықтай төмендетіп, азық-түлік қауіпсіздігін аса осал жағдайға әкелуде. Бұл өз кезегінде елеулі экономикалық шығындарға соқтырады.
Еуразиялық даму банкінде бұл мәселелерді шешу үшін бүкіл өңірлік ахуалды ескеретін кешенді әрі жүйелі тәсіл қажет екені баса айтылған.
«Орталық Азияның шектеулі су ресурстары негізінен суару және энергетика қажеттіліктеріне пайдаланылады. Арал теңізі алабында бұл ресурстар екі ірі трансшекаралық өзен – Әмудария мен Сырдария арқылы келеді.
Алайда су ресурстарының бөлінісі өте теңгерімсіз: жылдық ағынның 77 пайызы жоғарғы ағыста, яғни Тәжікстан мен Қырғызстан аумағында қалыптасса, су ресурстарының 85 пайызы төменгі ағыста – Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстанда суармалы егіншілікке жұмсалады», – делінген баяндамада.
Сарапшылардың пікірінше, су және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде көпжақты даму банктері өңірлік проблемалар мен сын-қатерлерді шешуде ортақ үйлестіруші тетік ретінде маңызды рөл атқара алады.