Орталық Азиядан келген балгерлер мен көріпкелдер Ресейге қоныс аударып жатыр, дейді сарапшы.

103

Munarmedia.kz 10.03.2026 /Astana/- Ресейге Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген астрологтар, нумерологтар және түрлі «балгерлердің» легі көбейген. Бұған аталған елдерде мұндай қызмет түрлеріне тыйым салынуы себеп болған. Бұл туралы «Царьград» басылымына берген сұхбатында Ресей Мемлекеттік думасының Азаматтық қоғамды дамыту, қоғамдық және діни бірлестіктер мәселелері жөніндегі комитеті жанындағы сараптамалық кеңестің мүшесі, сот сарапшысы-дінтанушы Игорь Иванишко мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, соңғы уақытта Ресейде түрлі «магтар», экстрасенстер мен балгерлердің белсенділігі күрт артқан. Оның сөзінше, елде магиялық қызметтерге сұраныс 2022 жылы басталған әскери қақтығыстан кейін көбейген.

Иванишконың айтуынша, кейбір адамдар әскери қызметкерлер үшін тұмарлар іздеп, тіпті қарсыластарының өліміне бағытталған түрлі «жоралғыларға» тапсырыс берген. Сондай-ақ өзін діндар санайтын кейбір азаматтар діни қызметкерлерден қарсы тараптың қаза табуын сұрап дұға етуін өтінген. Алайда шіркеу мұндай әрекеттермен айналыспайтындықтан, оларға бас тартылған.

Сарапшының сөзінше, шіркеуден жауап ала алмаған адамдар кейін Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі эзотериктерге жүгінген. «Магтар» белгілі бір ақыға түрлі қарғыс айту рәсімдерін өткізуге дайын болған.

Иванишконың пікірінше, Ресей Жоғарғы сотының сатанизмді экстремистік қозғалыс деп тану және ел аумағында тыйым салу туралы шешімін кейбір эзотерикалық қызмет түрлеріне де ішінара қолдануға болады. Оның айтуынша, кейбір тәжірибелерде сатанизмге қатысты символика мен атрибуттар қолданылатыны байқалады.

Сарапшы сондай-ақ оккульттік-магиялық қызметтердің жарнамасына тыйым салатын арнайы заң қабылдау қажет деп санайды. Оның айтуынша, Ресей Мемлекеттік думасында мұндай заң жобасын енгізуге қазірдің өзінде он бірінші рет талпыныс жасалып отыр.

https://t.me/Munarmedia