Қазақстан билігі ел аумағында алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салу мүмкіндігі бойынша Ресеймен «ортақ шешімдерді» талқылауда. Бұл туралы «Росатом» корпорациясының басшысы Алексей Лихачёв мәлімдеді.
Ресейлік «РИА Новости» агенттігіне берген түсініктемесінде Лихачёв Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысын бірлесіп жүзеге асыруы мүмкін екенін айтты. Ол мұндай қорытындыны 30 қаңтарда Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин өткізген келіссөздер «контекстінен» шығарғанын жеткізді.
"Бүгін екі ел үкімет басшыларының кездесуінде өткен талқылаулар контекстінен біз ортақ шешімдерге қарай бет алып бара жатқанымызды аңғаруға болады... Біз өте белсенді жұмыс істеп, ынтымақтастық орнатып жатырмыз", – деді «Росатом» басшысы журналистерге.
Лихачёв Қазақстан билігінің АЭС салу мәселесін кәсіби түрде зерттеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, жақында қазақстандық делегация Ресейге барып, оның атом энергетикасы саласындағы тәжірибесін зерттегенін еске салды. Дегенмен, ол бұған дейін ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің Оңтүстік Корея, Қытай және Францияға да осындай сапарлар жасағанына назар аудармады.
Алексей Лихачёвтың пікірлеріне қарағанда, ол «Росатомның» Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысындағы қатысуы іс жүзінде шешілген мәселе деп есептейді.
"Мұнда біз ерекше ықыласпен жұмыс істейтін боламыз", – деді «Росатом» басшысы.