Munarmedia.kz 07.01.2025 /Астана/ Тәжікстан мен Өзбекстан Қытай – Тәжікстан – Өзбекстан – Түрікменстан – Иран – Түркия – Еуропа бағыты бойынша өтетін халықаралық мультимодальды көлік дәлізін пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны бастайды. Бұл туралы Тәжікстан Республикасының Көлік министрлігі хабарлады.
Жоба аясында Өзбекстаннан Қытайға бағытталған жүктер Қазақстан аумағын айналып өтіп, Тәжікстан арқылы жеткізілетін болады. Аталған дәлізді іске қосу жөніндегі келісімге екі елдің көлік министрлері — Азим Иброхим мен Ильхом Махкамов — жуырда өткен келіссөздер барысында қол жеткізген.
Сондай-ақ Самарқанд облысының Ургут ауданында орналасқан «Джартепа – Саразм» шекаралық өткелінің (суретте) өткізу қабілетін арттыру жоспарланып отыр. Бұл аумақта тәулігіне 100 жүк көлігін жедел құжаттандыру арқылы қабылдай алатын жаңа логистикалық орталық салынбақ.
Бұдан бөлек, шекара маңында тәулігіне 150–200 адамға қызмет көрсете алатын диагностикалық орталық, сондай-ақ 800 кәсіпкерге арналған сауда кешенін салу көзделіп отыр.