Өзбекстанның Жоғарғы соты экстремизм мен терроризм идеяларын қамтиды деп танылған контент тізімін кеңейтті. Жаңартылған тізімге 1400-ге жуық дереккөз бен материал енгізілген. Бұған дейінгі нұсқа өткен жылдың қаңтарында жарияланып, 800-ден астам пунктті қамтыған еді.
Бұл жолы экстремистік деп танылған материалдар тізімінде 1389 дереккөз бар. Олар аудио, бейне және мәтін форматында ұсынылған: Facebook-та — 203 бет (бұрын шамамен 150), Telegram-да — 713 арна (бұрын 400-ге жуық), Instagram-да — 226 парақша (100-ден астам), YouTube-та — 135 арна, Одноклассники-де — 35, TikTok-та — 44, сайттар — 13, басқа дереккөздер — 20.
«Біздің азаматтарға, әсіресе жастарға қандай қатты шабуыл жасалып жатқанын көрдіңіз бе? Ал біз не істеп жатырмыз? Неге бізде дұрыс ресурстар сонша аз?» — деп пікір білдірді «Comrade_Aziz» Telegram арнасы.
Өзбекстанда тыйым салынған контентті анықтау жұмыстарын Дін істері жөніндегі комитет Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, Ішкі істер министрлігі және Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігімен бірлесіп жүзеге асырады.
«Газета.uz» басылымы экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңға сәйкес, мұндай материалдарды көрсету, тарату және сақтау тыйым салынғанын, ал оларға қол жеткізу шектелуі керек екенін еске салады.
Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды жасау, сақтау, тарату немесе көрсету Қылмыстық кодекске сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз бола алады.