Парламент 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады
Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар VIII шақырылымдағы екінші сессиясының жұмысын қорытындылады.
Ерлан Қошанов өткен сессияда «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігі дәлелденгенін атап өтті.
Президент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болды. Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артуда, – деді Мәжіліс төрағасы.
Палата спикері осы сессияда парламенттік жұмыс кезеңі толық әрі табысты атқарылғанын атап өтті. Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды.Екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды болды. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды. Оның 102-сі қабылданды, – деді Ерлан Қошанов.
Қабылданған заңдардың қатарында жылу энергетикасы саласы, мемлекеттік сатыпалым, масс-медиа туралы, адам саудасына қарсы іс-қимыл, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес, халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі, лудоманиямен күрес туралы және басқа да заңдар бар.
Атап айтқанда, депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтып, онлайн-казинолардың қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізді. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салды. Мәжіліс төрағасы осылайша қоғамды әлеуметтік тұрғыдан сауықтыру жолында маңызды қадам жасалғанын айтты.Сонымен қатар депутаттар еліміздің басты қаржылық құжаты – республикалық бюджетті қабылдады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шешуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ Парламент 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады.
Мәжіліс спикері жаңа конституциялық норманың арқасында республикалық бюджеттің атқарылу сапасына Парламенттің бақылауы айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның есебін жылына екі рет тыңдай бастады.
– Сессия барысында су саласына, сондай-ақ көлікті дамыту мәселелеріне қатысты есеп тыңдалды. Қазір елдімекендердегі ең өзекті мәселе де осы. Соның қорытындысы бойынша Парламент қажетті ұсынымдар қабылдап, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның атына жолдады, – деді Ерлан Қошанов.