Munarmedia.kz 27.11.2025 /Астана/ «Майқайыңзолото» АҚ-тың алты қызметкерінің бесеуі, оның ішінде кәсіпорынның бұрынғы бас директоры да бар, нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Өткен жылдың қаңтарында «Майқайыңзолото» руднигінде ауыр жағдай орын алды: түнде өрт туралы шақыртуға бара жатқан төрт кенқұтқарушы отырған автобус алып шұңқырға құлап, опат болды. Кейін анықталғандай, технологиялық жолдың астында пайдаланылмайтын ескі шахтаның қуыстары болған, сол жердің опырылып түсуі қайғылы жағдайға себеп болған.
2025 жылдың қаңтарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің комиссиясы кәсіпорынның кінәсін 100 пайыз деп таныды. Компания бұл шешімді сот арқылы даулағанымен, нәтиже шықпады. Сот алдында ақырында компанияның алты лауазымды тұлғасы жауапқа тартылды.
Қазіргі дерекке сүйенсек, олардың барлығы Экибастүз қалалық сотының шешімімен «тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру» бабымен кінәлі деп танылды.
Сот бұрынғы бас директорға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бас директордың орынбасары мен Майқайың жерасты руднигінің (МПР) директоры 3,5 жылға сотталды. МПР директорының орынбасары мен бас инженер 3 жылын қылмыстық-атқару жүйесінің минималды қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.
Кәсіпорында бас директордың орынбасары қызметін атқарған зейнеткерге жасы мен денсаулық жағдайы ескеріліп, үш жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұл – ҚР Қылмыстық кодексінде көрсетілгеннен жеңіл жаза.
Сотталушылар екі жыл бойы тау-кен өнеркәсібінде басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Зейнеткерден басқа барлық айыпталушы жазасын минималды қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айыпталушылар кінәсін мойындамады. Олар ескі шахта астында қуыстар барын білмегендерін, ал олардың опырылуы технологиялық жолдың құлауына әкеп соғатынын болжай алмағандарын алға тартты.
Горноруд саласының мамандары қазіргі уақытта «Майқайыңзолото» руднигінің астында опырылу қаупін тудыруы мүмкін қанша қуыс бар екенін нақты айту қиын екенін жеткізеді.
«Майқайыңзолото» АҚ-тың негізін қалаушысы – Кипрде тіркелген «Ренс Энтерпрайзис Лимитед» шетелдік жауапкершілігі шектеулі компаниясы. Компанияның бас директоры – Қуаныш Ботин. Ал оның құрылтайшысы – Сербия азаматы Милан Попович.