Gazeta.pl басылымының хабарлауынша, 35 жастағы Ксения Польша аумағынан пойызбен кетпек болғанда ұсталды. Тексеру барысында оның төрт жылдан астам уақыт бойы Интерполдың іздеуінде жүргені анықталды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, украиналық азаматша 2017-2019 жылдары адам органдарын заңсыз алу және сату ісімен айналысқан қылмыстық топтың құрамында болған. Осыған байланысты Қазақстан соты оны сырттай 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Қылмыстық әрекеттің 56 құрбаны болған, олардың арасында Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Таиланд азаматтары бар.
Ксения ұсталғаннан кейін прокуратураға жеткізіліп, тергеуге алынды. Қазіргі уақытта Польша билігі оны Қазақстанға экстрадициялау процесін бастағанын мәлімдеді.
Бұған дейін Алматы облысы Полиция департаменті адам ағзаларын заңсыз сату бойынша 16 операция анықтаған еді.