Дархан Сатыбалдының Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғанына бір айдан астам уақыт өтті. Ал кеше ғана әкімшілік құрылымында жаңа бөлімнің – өңірлік дамуды мониторингтеу бөлімінің пайда болғаны белгілі болды. Бұл бөлім, логикаға салсақ, бірінші орынбасардың жұмысын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Жаңа құрылымның жетекшісі болып бұған дейін Президент Іс Басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Рустам Баялиев тағайындалды. Ол бұған дейін Мажит Есенбаевтың командасында – Қаржы министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінде қызмет атқарған. Кейін бірнеше жыл бойы үлкен саясаттан алыстаған Баялиев Президент Іс Басқармасына Айбек Дадебаевтың орынбасары ретінде оралды. Айта кетерлігі, ол бұл қызметке Дадебаев Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалудан бірнеше апта бұрын келген еді.
Осыған қарап, Баялиев Сатыбалдының емес, керісінше, Дадебаевтың сенімді кадры деген қорытынды жасауға болады.
Бірнеше жыл бұрын Президент Әкімшілігінің құрылымы мен ережелері құпия санатқа ауыстырылғандықтан, жаңа өзгерістердің нақты мән-мағынасын ашып айту қиын. Дегенмен, Президенттің өңірлік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ернар Баспаев өз қызметінде қала бергені белгілі.
Сонымен қатар, өңірлік дамуды мониторингтеу бөлімінің жаңа құрылымдағы рөлі мен оның Мемлекеттік бақылау бөлімімен (жетекшісі – Бақытжан Сапиев) өкілеттіліктерін қалай бөлісетіндігі де түсініксіз.
Мүмкін, Мемлекеттік бақылау бөлімі екіге бөлінген болар. Өйткені, осыған ұқсас реформа тамыз айында да болған: Президент Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі екіге бөлініп, Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі бұрынғы жетекшісінің қарамағында қалса, Цифрландыруды дамыту бөлімі жаңадан тағайындалған Президенттің цифрландыру жөніндегі кеңесшісі Қуанышбек Есекеевтің басқаруына берілді.
Кеңесшілер құрамында да өзгерістер бар. Президент Болат Ақшолақовтың орнына Мәжгұм Мырзағалиевті тағайындады. Ол 2023 жылдың сәуіріне дейін «ҚазМұнайГазды» басқарған, ал «Ақтау қырғынынан» кейін «ҚазЭнерджиге» ауысқан болатын.
Егер Ақшолақов Тимур Құлыбаевтың ықпалындағы адам саналған болса, Мырзағалиев Тоқаевтың сенімді кадрларының бірі ретінде қарастырылады. Ол 2019 жылдан бері екі рет министр қызметін атқарып, Президенттің кеңесшісі және «ҚазМұнайГаз» басшысы болды. Оның бұл жолғы тағайындалуы Тоқаевтың энергетика саласына, әсіресе АЭС пен отын-энергетика кешенінің дамуына қатысты мәселелерге тікелей бақылау орнатқысы келетінін аңғартады.
(Дереккөз: Данияр Әшімбаев)