Президент Тоқаев «Лукойл» компаниясының ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті

33

Munarmedia.kz 17.10.2025 /Астана/ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы «Лукойл» компаниясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, ұжымға алғысын білдірді. Президент компанияны сенімді әріптес ретінде сипаттап, оның елдің мұнай-газ секторының дамуына және Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Тоқаевтың айтуынша, 1995 жылдан бері «Лукойл» еліміздің экономикасына 12 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Осы уақыт ішінде 94 миллион тонна мұнай және 60 миллиард текше метр газ өндірілген. Бұған қоса, 300 миллион доллардан астам қаражат әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға бағытталыпты. Бұл – мыңдаған жаңа жұмыс орны, жаңа технология, өңірлердің тұрақты дамуы деген сөз.

Президент компанияның еліміздегі аса ірі жобаларға – Қарашығанақ, Теңіз, Каспий теңізіндегі жаңа кен орындарына – белсенді қатысып жатқанын еске салды. Әсіресе «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» жобалары ерекше аталды. Жалпы көлемі 6 миллиард доллардан асатын бұл жобаларда 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар теңіз платформаларының өндірісі Маңғыстау облысында локализацияланған, бұл өңірдің өндірістік әлеуетін арттыра түспек.

Тоқаев Алматы облысындағы жаңа май өндіретін зауыттың іске қосылғанын да ерекше атап өтті. Бұл – елдегі халықаралық стандарттарға сай бірінші өндіріс орны, әрі отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуде маңызды қадам.

Мемлекет басшысы компанияның әлеуметтік және білім беру бағытындағы бастамаларын да жоғары бағалады. Мыңдаған қазақстандық заманауи технологияларды меңгеріп, мұнай-газ саласындағы ірі жобаларда жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр.

Сөз соңында Президент «Лукойл» компаниясының геологиялық барлау, шикізатты терең өңдеу, цифрландыру және адами капиталға инвестиция салу секілді маңызды бағыттарды қолдауды жалғастыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ компания ұжымына ел дамуына қосқан үлесі үшін алғысын айтып, Қазақстан мен «Лукойл» арасындағы 30 жылдық сенімді әріптестік тарихын жоғары бағалады.