Ресей президентінің Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиевке қоңырау шалғаны туралы Кремль хабарлады.
25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырауына байланысты 28 желтоқсанда телефон арқылы сөйлесу өтті.
«Владимир Путин бұл қайғылы оқиға Ресей әуе кеңістігінде болғаны үшін кешірім сұрады және қаза тапқандардың отбасына шын жүректен көңіл айтты, сондай-ақ зардап шеккендерге тезірек сауығуды тіледі», – делінген хабарламада.
Путин «Әзірбайжанның жолаушылар ұшағы кестеге сәйкес ұшып, Грозный қаласының әуежайына қонуға бірнеше рет талпынғанын» атап өтті.
«Осы уақытта Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына украиналық ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасап, Ресейдің әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарды тойтарумен айналысып жатты», – деді РФ президенті.
Ресейдің Тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің 263-бабы бойынша («Әуе транспортының қозғалыс және пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу») қылмыстық іс қозғады.
Қазір бастапқы тергеу шаралары жүргізілуде, азаматтық және әскери сарапшылардан жауап алынуда, деп хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.
Әзірбайжанның Бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда жұмыс істеп, Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы мен Тергеу комитетінің өкілдерімен бірлескен жұмыстар атқаруда.
«Ресей, Әзірбайжан және Қазақстанның тиісті қызметтері Ақтау қаласы маңындағы апат орнында тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр», – делінген хабарламада.