Астанадағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың XV форумын өткізу кезінде миллиард теңге ұрланды деген іске нүкте қойылды. 2018 жылы Петропавлда өткен бұл форумның ұйымдастырылуына байланысты бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожагапанов пен PR-компания жетекшісі Ләззат Көккозова айыпты деп танылды.
Қожагапанов былтыр наурыздан бері қамауда отыр. Сот оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал Көккозова — «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің басшысы — 5 жылға сотталып, сот залында қамауға алынды. Бұған дейін ол үйқамақта болған.
Сот шешімімен Көккозова мемлекетке келтірілген 1 миллиард 9 миллион теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді. Ал Қожагапанов қаржылық тұрғыда ештеңе жоғалтпайды — тек оған берілген II дәрежелі «Айбын» ордені қайтарып алынады.
Қожагапанов кімнің мүддесін қорғады?
Іс материалдары бойынша, Қожагапанов сол кездегі министр Арыстанбек Мұхамедиұлының алдында көзге түсуді көздеп, Көккозова басқаратын агенттіктің мүддесін ашық қорғаған. Нәтижесінде «SUCCESS K» 2,3 миллиард теңгенің келісімшартын иеленіп, форум ұйымдастыруды өз қолына алған.
Сот мәліметінше, Қожагапанов бір көзден сатып алу тәсілімен келісімшарт жасау мүмкіндігін пайдаланып, артық шығын енгізілген сметаларды бекіткен, тиісті комитетке келісім жасау және актілерге қол қоюды бұйырған. Бұл әрекеттер мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтірген.
Ал Көккозова компания директоры ретінде, бюджет қаржысын иемдену үшін жалған смета жасап, 18 түрлі шығын бабын қолдан қымбаттатып көрсеткен.
«YouTube-тан қараңыз – фурор болды»
Сотта сөйлеген сөзінде Қожагапанов өз әрекетін ақтауға тырысты. Оның айтуынша, форум өте жоғары деңгейде өткен.
«Мен мұны Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз аузынан естідім. Ресейдің экономикалық даму министрі Максим Орешкин біздің министрге: «Қазақтар тағы да таңғалдырды» деді. Бұл – фурор болды. YouTube-тағы видеоларға қараңыз: Назарбаевтың, Путиннің, халықтың жүзіндегі қуаныш бәрін айтып тұр. Ол жерде шын мәнінде ғарыштық деңгейдегі дүние болды!» – деді ол.
Жаза әділетті ме?
Қоғамда бұл үкімге қатысты сұрақ көп. Вице-министрдің өзі қаржылық шығынға ұшырамай, бар жауапкершілік келісімшартқа ие болған Көккозоваға жүктелді. Жемқорлықпен күрес науқаны аясында, көпшілік мұндай үкімдердің әділеттілігіне күмәнмен қарайды.