Путиннің Украинадағы соғысы: Мәскеудің бұрынғы империялық ықпалы құлдырауда

43

Munarmedia.kz 10.10.2025 /Астана/ Тәжікстанда өтетін саммиттерде Владимир Путин бұрынғыдай "жақын байланыстар" туралы жылы сөздер естіген  болар. Алайда шынайы көрініс мүлде басқа: соғыс басталғалы бері посткеңестік республикалар Ресейден біртіндеп алыстап барады.

Бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдер – Қазақстан, Армения мен Әзербайжан – енді өздерінің сыртқы саясатын Қытай, Еуропалық Одақ, Түркия және Парсы шығанағындағы мемлекеттерге қарай бұра бастады. Бұл елдер Кремльдің агрессиясынан қауіптеніп, геосаяси тәуекелдерін әртараптандыруда. Сарапшылардың пікірінше, бұл – "қауіп-қатерлерді хеджирлеу", яғни Ресейге тәуелділікті азайту әрекеті.

Украинадағы қақтығыс төртінші жылына аяқ басты. Бұл соғыс аймақтағы басқа елдерге де ескерту болғандай. Путин бұрынғы империялық шекараларды қалпына келтіруге ниетті екенін ашық көрсетіп отыр. Бұл — басқа посткеңестік мемлекеттер үшін қауіптің нақты белгісі.

🔻 Ресейдің әскери ресурстары мен экономикалық қуаты сарқылып жатқан тұста, өзге державалар аймақтағы өз ықпалын күшейтіп үлгерді:

  • 🇨🇳 Қытай Орталық Азия елдерімен сауда-саттық көлемін үштен бірге арттырды. Бүгінде ол Қазақстан мен Өзбекстанның негізгі сауда серіктесіне айналған. Қытай сонымен қатар миллиардтаған доллар көлемінде инфрақұрылым мен көлік жобаларына инвестиция салып отыр.

  • 🇪🇺 Еуропалық Одақ Орталық Азиядағы бес мемлекетпен стратегиялық серіктестікті дамытып, Ресейден тыс балама көлік дәліздерін құруға мүдделі екенін нақты көрсетті.

  • 🇹🇷🕌 Түркия – түркітілдес мемлекеттермен байланысын тереңдетіп, Түркі мемлекеттері ұйымы арқылы ықпалын арттырып келеді. Ал Парсы шығанағындағы араб елдері аймақпен экономикалық әріптестікті кеңейтуге бет алған.

Армения іс жүзінде Мәскеумен әскери одақтан бас тартты. Ереван Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) Рим статутын ратификациялап, Ресейге тиімсіз қадам жасады. Сонымен қатар, Еуропалық Одақпен интеграцияға ұмтылып отыр.

Қазақстан болса, Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдаудан бас тартты және Украина егемендігін қолдайтынын ашық мәлімдеді. Бұл – Ресей үшін бұрынғы сенімді серіктестің бағыты түбегейлі өзгергенінің белгісі.

Иә, Ресейдің миграциялық, энергетикалық және әскери құралдары арқылы өңірге белгілі бір ықпалы сақталып отыр. Бірақ бұл ықпал бұрынғыдай қуатты емес. Енді қалыптасқан вакуумды Қытай, ЕО және Түркия секілді державалар жылдам толтыруда.

Украинаға қарсы басталған соғыс Ресейдің ішкі де, сыртқы да жағдайын әлсіретті. Енді бұрынғы "бауырлас" республикалар Мәскеудің емес, әлемдік көпвекторлы әріптестіктің жолына бет бұруда. Бұл – аймақтық геосаяси архитектураның өзгеруі ғана емес, Кремль үшін тарихи жеңіліс деуге де болады.