Munarmedia.kz 27.06.2025 / Астана /-Қазақстанда адамның еркіндігі мен жеке өміріне қол сұғатын әрекеттерге қарсы заң қатаяды. Сенат қалыңдық ұрлау мен сталкингті (яғни, жүйелі түрде аңду, қудалау, мазалау) қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң жобасын мақұлдады. Енді бұл әрекеттер заң жүзінде қылмыс ретінде танылып, тиісінше түрмеге қамау жазасы тағайындалмақ.
Жаңа құжат бірден 16 заңға, соның ішінде Қылмыстық кодекс, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс және Отбасы кодексіне өзгерістер енгізуді көздейді.
Сенат комитетінің қорытындысында:
«Жеке тұлғаға қарсы жасалатын қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында адам өміріне немесе денсаулығына қол сұғатын әрекеттерге байланысты жаңа санат — ауыр және аса ауыр қылмыс енгізіледі», — деп жазылған.
Бұл заң жобасына президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойғаннан кейін, сталкинг пен мәжбүрлі неке ресми түрде қылмыстық сипатқа ие болады. Яғни, енді бұл әрекеттер үшін айыппұл немесе ескерту емес, нақты жаза қарастырылады — соның ішінде бас бостандығынан айыру да бар.
Мәселен, жақында ғана Қарағандыда 15 жастағы қызды 38 жастағы ер адамға күштеп ұзатқан жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Абырой болғанда, жасөспірім қыз үйлену тойынан қашып құтылып, құқық қорғау органдары бұл істі тергеуге алған.
Бұдан былай мұндай әрекеттер тек қоғамдық наразылықпен шектелмей, заңмен нақты жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл — әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы маңызды қадам.
Фото: Freepik.