Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға арналған Migration.enbek.kz электронды порталы жұмысын бастады

38

Munarmedia.kz 10.01.2026 /Астана/ Қазақстанда қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға арналған Migration.enbek.kz электронды порталы тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. 

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы портал арқылы барлығы 18 639 өтініш өңделген. Ал жүйеде тіркелген пайдаланушылардың жалпы саны 18 303 адамды құраған.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған портал қандастарға, сондай-ақ ел ішіндегі және шетелден келетін қоныс аударушыларға мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндігін береді. Портал арқылы азаматтар қандас мәртебесін алу, қоныстану өңірін таңдау, өңірлік квотаға қатысу, сондай-ақ көшуге байланысты мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат ала алады.

Сонымен қатар Migration.enbek.kz платформасы көші-қон үдерістерінің ашықтығын арттыруға, өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға және адами факторды азайтуға бағытталған. Цифрлық жүйе арқылы уәкілетті мемлекеттік органдар өтініш берушілер туралы деректерді тексеріп, көші-қон саласындағы шешімдерді жедел қабылдайды.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, портал алдағы уақытта да жетілдіріліп, жаңа көші-қон саясаты аясында қосымша цифрлық сервистермен толықтырылмақ. Бұл шаралар қандастар мен қоныс аударушылардың Қазақстанға бейімделу үдерісін жеңілдетуге және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.