Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Қантар оқиғасында жазықсыз азаматтарды азаптаған 6 полиция қызметкері сотталды.

67




Қарасай ауданының соты Қазақстанда 2022 жылдың қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде азаптауларға қатысты іс бойынша алты полиция қызметкеріне үкім шығарды. Жәбірленушілер арасында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары да бар. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады «Новые Туркестанские ведомости».

Сот айыпталушыларға үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Хабарламада былай делінген: «2022 жылдың қаңтар айында жәбірленуші ретінде танылған 44 адам, оның ішінде Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары полиция басқармасының арнайы қабылдау орнына қамалды. Сотталушылар өз қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, заңға қайшы әрекеттер жасап, соның салдарынан жәбірленушілер азаптауларға ұшырады».

«Informburo.kz» порталының хабарлауынша, жәбірленушілердің арасында Қырғызстанның музыканты Викрам Рузахунов та болған.

2022 жылдың 9 қаңтарында «Qazaqstan» телеарнасында Қырғызстан азаматының Алматыдағы қаңтар оқиғаларына қатысуы туралы бейнематериал көрсетілді. Сюжетте қырғызстандық азамат Алматыдағы митингке 90 мың теңге үшін қатысуға ұсыныс түскенін және келісім бергенін айтқан. Ол митингті ұйымдастырушылардың есімдерін атамаған. Кейінірек ұсталған адамның музыкант Викрам Рузахунов екені белгілі болды. Оның айтуынша, камераластарының кеңесі бойынша өзіне жалған айып тағып, мұны істеген жағдайда тез депортацияланатынын түсінген.

Бұл оқиға дипломатиялық жанжалға ұласты: Қырғызстан музыканттың ұсталуына байланысты Қазақстанға наразылық нотасын жолдады. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз елінің тәртіпсіздіктерге қатыспаған азаматтарын қорғайтынын мәлімдеді.

Кейіннен музыкант Қазақстандағы қаңтар оқиғалары кезінде азаптауларға қатысты іс бойынша жәбірленуші ретінде танылды. Рузахунов тергеу шараларына қатысып, оннан астам күштік құрылым қызметкерлерін таныды.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың қаңтар айының басында Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Тәртіпсіздікке қатысушылар полицейлер мен әскери қызметкерлерге шабуыл жасады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл әрекеттерді мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет деп атап, ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. 7 қаңтарға қарай жағдай тұрақтандырылды, ал 19 қаңтарда елдегі төтенше жағдай режимі толықтай алынып тасталды. Ресми деректер бойынша, тәртіпсіздіктер кезінде 238 адам қаза тауып, 4,5 мыңнан астам адам жарақат алды.