Қаңтардағы қайғылы оқиғалар: мерзімді әскери қызметшілердің қазасынан кейін кімдер қызметтен босатылып, кімдер жауапқа тартылды

21

Munarmedia.kz 29.01.2026 /Астана/ 2026 жылғы қаңтар айында Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген екі сарбаз арасы төрт күн ғана салып қаза тапты. Ресми мәліметке сәйкес, екі жағдайда да өлім қарумен абайсыз жұмыс істеу салдарынан орын алған жазатайым оқиға ретінде тіркелген.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына көңіл айтып, орын алған жағдайдың аса ауыр екенін және ведомствоның толық жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеді.

Генерал-майор Асқар Мұстабеков бейнеүндеуінде трагедия болған әскери бөлімдер мен батальондардың командирлері қызметтен босатылғанын хабарлады. Сонымен қатар тәртіптік жаза:

  • өңірлік «Шығыс» қолбасшылығының командиріне,

  • штаб бастығына,

  • тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарына
    қолданылған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери полиция бөлімдерде ауқымды тексерістерді бастайды. Жеке құрамға бақылау күшейтіліп, бұл шаралар қызметтен тыс уақытта да жүргізілмек. Сондай-ақ сарбаздарға туыстарымен тұрақты бейнебайланыс жасау мүмкіндігі берілген.

«Бұдан бөлек, бөлімше командирлері ата-аналармен WhatsApp мессенджері арқылы тікелей байланыста отыр», — деп нақтылады Асқар Мұстабеков.

Министрлік алдағы уақытта жарғылық талаптардың және қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталуын бақылауға алатынын мәлімдеді. Бұл талаптар оқу-жаттығулар мен атыс сабақтарына да қатысты болмақ.

Сонымен қатар жеке құрамның, әсіресе мерзімді әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын терең зерделеу, психологиялық қолдауды күшейту жоспарланып отыр. Қауіпсіз мінез-құлыққа басымдық бере отырып, командирлер мен сержанттардың жауапкершілігі де күшейтілді.

Алайда бұл мәлімдемелер қоғамда түрлі пікір тудырды. Себебі өткен жылдың соңында Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов әскердегі сарбаздардың қазасы туралы журналистер сұрақ қойған сәтте күліп жауап бергені көпшіліктің есінде қалған. Бұл жайт та қазір қоғамдық талқылауда жиі аталып жүр.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы оқиғалар Қазақстан армиясындағы қауіпсіздік, тәрбие және бақылау жүйесіне қатысты мәселелерді қайта қарап, нақты әрі жүйелі шешімдер қабылдауды талап етеді.