Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Қарағанды облысында электр желілеріндегі апат салдарынан 27 елді мекен жарықсыз қалды

56

Шет ауданында электрмен жабдықтау бойынша төтенше жағдай қалыптасты. Қазіргі таңда шамамен үш мың тұрғын үй мен 43 әлеуметтік нысан жарықсыз отыр. Үшінші күн қатарынан жарықсыз қалған ауыл тұрғындары қиын жағдайда қалды дейді.

Жылдар бойы шешімін таппаған мәселе

Аудан тұрғындарының айтуынша, электр энергиясындағы іркілістер көп жылдан бері жалғасып келеді. Көпшілік генератор сатып алуға мәжбүр, себебі электр жарығы жиі өшіп қалады.

18 ақпанда «Жезқазған тарату электр желілік компаниясы» (ЖезРЭК) 27 елді мекенге электр беруді шектеді. Компания басшылығының мәлімдеуінше, «Шет-Энерго» желілерінде орын алған авария салдарынан үш бірдей жоғары кернеулі желі істен шыққан.

ЖезРЭК өкілдері «Шет-Энерго» компаниясының желілері әбден ескіргенін және жөндеу жұмыстары жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Тұрғындар не дейді?

Қызыл Поляна ауылының тұрғыны Светлана Саюктің айтуынша, электр желілері апатты жағдайда:

«Біз үнемі жарықсыз отырамыз. Жаз мезгілінде де үш күнге дейін электр қуаты болмай қалады. Соның кесірінен азық-түлігіміз бұзылады. Желілер өте нашар күйде: сымдар салбырап тұр, бағаналар қисайған, трансформаторлар жиі істен шығады. Бүкіл инфрақұрылым апатты жағдайда, толық жөндеу қажет. Амалымыз таусылған соң, өз ақшамызға генератор алып отырмыз», – дейді тұрғын.

Билік қандай шара қабылдауда?

Шет ауданының әкімі «Шет-Энерго» жұмысына шағым көп түскенін растады. Жылдар бойы компания желілерді жаңартуға қаржы салмаған, соның салдарынан инфрақұрылым апатты күйге жеткен. Осыған байланысты аудан әкімі облыс басшылығымен келісе отырып, жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимін енгізді.

Әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін уақытша электр қуатын беру туралы келісім жасалды. «ЖезРЭК» үш күнге электр қуатын беруге келісті, алайда мәселенің түбегейлі шешімі әлі белгісіз.