Қарағанды облысында ірі операция өтті: тәркіленген есірткінің құны 14,7 млрд теңгеден асты

20



Munarmedia.kz | 11.10.2025 | Астана Қарағанды облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан жалпы нарықтық құны 14,75 млрд теңгеден (шамамен 30 млн АҚШ доллары) асатын бір тоннадан астам есірткі тәркіленді.

Бұл шаралар «Қарасора-2025» кең ауқымды жедел-алдын алу операциясы мен «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында жүргізілуде. Негізгі мақсат — есірткі қылмысының алдын алу және оның жолын кесу.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдиннің айтуынша, бүгінде негізгі қауіп — синтетикалық есірткілер. Тәркіленген 590 келі синтетика арасында мефедрон мен альфа-PVP секілді аса қауіпті заттар басым.

— Оперативтік іс-шаралар барысында есірткі бизнесіне қатысы бар 45 адам ұсталды. Оның ішінде 13-і — ұйымдастырушылар мен таратушылар. Тергеу барысында өңіраралық байланысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтар әшкереленіп, қылмыстық жолмен табылған 560 млн теңгеден астам қаражатты заңдастырғаны анықталды, — деді Әбіл Әбілдин.

Сондай-ақ, жеті нарколаборатория жойылып, есірткіні жарнамалаған жеті мыңнан астам граффити өшірілді. Бұл әрекеттерге қатысы бар үш адам қолға түсті.

Қарағанды облысының полициясы есірткі қылмысына қарсы бағытталған жүйелі әрі нәтижелі жұмысты жалғастыруда. Құқық қорғау органдары синтетикалық заттардың таралу арналарына тосқауыл қойып, жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруды басты мақсат етіп отыр.