Қарағандыда екі дәрігерді соққыға жықты деген күдікті қамауға алынды

40

Munarmedia.kz 17.06.2025 /Астана/-Қарағанды облысының полиция департаменті хабарлағандай, Қарағанды қаласында екі дәрігерді соққыға жықты деген күдікті қамауға алынды.

– Күдікті соттың санкциясымен екі айға қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Бұған дейін күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.

Оқиға 12 маусым күні Қарағанды облыстық балалар ауруханасының аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 38 жастағы жергілікті тұрғын ауызша жанжалдан кейін медицина қызметкерлеріне қол көтерген. Кейін оның ауруханадағы пациенттердің бірінің туысы екені анықталды.

Дәрігерлер ауыр жарақат алып, облыстық аурухананың шұғыл нейрохирургия бөліміне жеткізілді. Оларды денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова арнайы барып көрді. Министр бұл оқиғаны адам шошырлық зорлық әрекеті деп бағалады.