Қарағандыда жасанды интеллект пен бағдарламаларды тегін үйрететін мектепке қабылдау басталды

20

Munarmedia.kz. 16.09.2026.ASTANA

Қарағанды қаласында жастарға жасанды интеллект пен бағдарламалау бағыттарын тегін үйрететін Tomorrow School мектебіне қабылдау басталды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі хабарлады.

Жаңа білім беру жобасы Қарағанды техникалық университеті базасында жүзеге асырылып жатыр. Мектептің ерекшелігі — оқу ақылы емес және білім алушылар бір-біріне көмектесу арқылы, яғни peer-to-peer форматында тәжірибе жинайды.

Бағдарламада бірнеше маңызды бағыт қамтылған. Олардың қатарында:

  • жасанды интеллект;
  • киберқауіпсіздік;
  • AI-инженериясы;
  • ойын әзірлеу;
  • бағдарламалау бар.

Жоба әсіресе IT саласына қызығатын жастар үшін жаңа мүмкіндік береді. Оқу барысында қатысушылар тек теориямен шектелмей, практикалық тапсырмалар орындап, нақты жобалармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Қазіргі таңда мектепке өтініш қабылдау жүріп жатыр. Қабылдау 2 қазанға дейін жалғасады. Одан кейін үміткерлер іріктеу кезеңінен өтеді.

5-31 қазан аралығында таңдалған қатысушылар үшін кіріспе интенсив ұйымдастырылмақ.

Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар өңір жастарының заманауи технологияларды меңгеруіне және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға ерте бейімделуіне мүмкіндік береді.

Қарағандыда IT және жасанды интеллект бағыттарының дамуы өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

#Munarmedia #Қарағанды #ҚарағандыОблысы #IT #ЖасандыИнтеллект #Бағдарламалау #Білім #Жастар #Технология