Munarmedia.kz 17.03.2026 /Astana/ – Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бекітті. Құжатқа сәйкес, елде ойын бизнесін орналастыруға арналған аймақтар кеңейтіліп, гидтер мен экскурсия жетекшілерінің қызметі реттеледі, сондай-ақ туристердің шекарадан өту рәсімдері жеңілдетіледі.
Парламент мәліметінше, гидтер мен туристік нұсқаушылардың қызметі кәсіпкерлік қызметтің нақты бір түрімен шектелмейді. Бұл құқықтық бейтараптықты сақтауға және білікті мамандар санын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар уәкілетті органның гидтер, экскурсия жетекшілері мен туристік нұсқаушылардың қызмет қағидаларын бекітуге қатысты өкілеттіктері нақтыланды.
Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, шекарада кезектен тыс рәсімдеу тәртібі енді тек халықаралық жолаушылар автобустарына ғана емес, туроператорлар ұйымдастыратын тұрақты емес халықаралық тасымалдарға да қолданылады. Бұл норма туристік автобустардың шекарадан өту уақытын қысқартуға бағытталған.
Сонымен қатар елде ойын бизнесіне рұқсат етілген аймақтар тізімі кеңейтілді. Бұған дейінгі Қапшағай және Бурабай ойын аймақтарынан бөлек, енді жаңа ойын аймақтары Маңғыстау облысы, Жетісу облысы, Алматы облысы және Шығыс Қазақстан облысының туристік маңызы бар аудандарында құрылмақ. Парламент өкілдерінің пікірінше, бұл шешім өңірлерге инвесторлар мен шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге жаңа ойын аймақтарындағы казиноға кіру тек шетел азаматтарына ғана рұқсат етіледі. Бұл ішкі әлеуметтік тәуекелдерді азайтып, сыртқы туризмді ынталандыруға және бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Заңның тағы бір маңызды бағыты – балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру жүйесін жетілдіру. Атап айтқанда, дене шынықтыру және спортты дамытуға бөлінетін бюджеттен тыс қаражатты тарататын бірыңғай оператордың қаржылық есептілігіне жыл сайын міндетті аудит енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі бекітіледі.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдарға басым туристік аумақтардың шекарасын өз бетінше айқындау құқығы беріледі. Бұл шешім инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, жергілікті деңгейде шешім қабылдау үдерісін жеделдетеді. Сонымен қатар гидтер мен экскурсия жетекшілерінің бірыңғай тізілімі жасалып, қонақүйлерге «жұлдыз» беру жүйесін бағалайтын сарапшы-аудиторлар институты енгізіледі.