Қазақ армиясындағы бассыздық: жас сарбазды психдиспансерге неге жатқызды?

142

Munarmedia.kz. 05.07.2025 /Астана/-Алматы облысының тұрғыны Арманжан Арықбай әскерге шақырылар алдында көру қабілеті бойынша ІІ топ мүгедектігі бар анасын бағып-қағып келген. Отбасындағы жалғыз асыраушы болған азаматты 12 маусымда белгісіз жағдайда әскерге мәжбүрлеп әкеткен. Ал бүгінде анасы ұлын көре алмай, оның тағдырынан бейхабар күйде отыр.

Фарида Кажимуратованың айтуынша, баласын Алматыдағы сауда орталығының маңында күшпен ұстап әкетіп, алдымен Қонаевтағы әскери бөлімге жеткізген. Онда Арманжанды екі тәулік бойы әскери комиссариатта ұстаған, кейіннен Тараз қаласындағы №5513 әскери бөлімге жөнелткен.

«15 маусым күні пойыздан түсіп, сапқа тұрған кезде, ұлым талып құлап қалған. Таразда оны үш күн ұстады, содан кейін 21 маусымда Алматыдағы Ұлттық ұланның әскери бөліміне ауыстырды», — дейді Фарида.

Әскери бөлімдегі соққы және күмәнді диагноз

Алматыға ауыстырылған соң Арманжан анасымен кездесуге мүмкіндік алған. Сол кезде Қонаевта өзін әскери қызметші Алишер есімді адам соққыға жыққанын айтыпты. Анасы дереу дәрігерлерге жүгінген. Алғашында дәрігерлер денсаулығына елеулі қауіп жоқ деп сендірген.

Алайда араға біраз уақыт салып, "бас миында ісік бар" деген диагноз қойылғаны туралы хабар жеткен. Бұдан кейін Арманжанды ешқандай ресми хабарлама, медициналық анықтама немесе туыстардың келісімінсіз психиатриялық емханаға жатқызып жіберген.

Фарида Кажимуратова баласына жолығуға тырысқанымен, оны емханаға кіргізбей қойған. Себеп ретінде жұмыс уақытының аяқталғанын айтқан. Мекеме басшылығымен кездесуіне де рұқсат берілмеген.

Жүйелі мәселелер мен адам құқықтары

Бұл жағдай — Қазақстандағы әскери жүйеде азаматтардың құқығы жиі аяққа тапталып жатқанын көрсететін кезекті мысал. Еріксіз әскерге алып кету, медициналық ақпараттың жасырын түрде өзгертілуі, туыстардың келісімінсіз психиатриялық клиникаға жатқызу – мұның бәрі құқықтық және моральдық тұрғыдан даулы әрекеттер.

Соңғы жылдары әскер қатарындағы қысым, зорлық-зомбылық, жабық жүйелердегі бақылаудың жоқтығы қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап келеді. Бұл оқиға да ашық тергеу мен азаматтық бақылауды қажет ететін мәселе.

Редакция бұл оқиғаға қатысты ресми органдардың пікірін күтеді. Біз мәселенің даму барысын бақылауда ұстаймыз.