Munarmedia.kz.07.07.2026. ASTANA Қазақстанда әскери қызметшілердің мансаптық өсуін бағалаудың жаңа цифрлық жүйесі енгізілмек. Енді офицерлерді жоғары лауазымға тағайындау кезінде командирдің шешімімен қатар олардың жеке көрсеткіштері негізінде қалыптасатын электрондық рейтинг ескеріледі.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, жаңа жүйе әскери қызметтің ашықтығын арттыруға, адами фактордың ықпалын азайтуға және кадрлық тағайындаулардың әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Электрондық жүйе офицердің қызметтік көрсеткіштерін автоматты түрде бағалайды. Атап айтқанда:
білімі;
қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтуі;
мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі;
шет тілдерін білуі;
жауынгерлік даярлық нәтижелері;
әскери қызмет барысында қол жеткізген жетістіктері;
бұрынғы лауазымдардағы жұмыс тиімділігі;
тәртіптік жауапкершілікке тартылуы.
Тәртіптік құқық бұзушылықтар рейтингтің төмендеуіне әсер етеді.
Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабековтің айтуынша, бұған дейін әскери лауазымдарға тағайындау туралы шешімді командир қабылдайтын. Енді цифрлық жүйе офицерлердің рейтингі негізінде қызметтік өсу кезегін қалыптастырады.
Қорғаныс министрлігі жаңа тетік:
кадрлық шешімдердің ашықтығын арттыруға;
сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге;
таныстық арқылы тағайындау ықтималдығын азайтуға;
офицерлерді кәсіби біліктілігін арттыруға ынталандыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Заңнамаға енгізілетін түзетулерге сәйкес:
төтенше жағдайлардың салдарын жою және терроризмге қарсы операцияларға қатысқан әскери қызметшілерге төленетін төлемдер үш есеге дейін ұлғайтылады;
25 жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілерге қызметтен шығу мүмкіндігі қарастырылады;
бала күтіміне байланысты демалысты еңбек сіңірген жылдарға есептеу тәртібі нақтыланады.
Жаңа жүйе әскери қызметте мансаптық өсудің негізгі өлшемі ретінде қызмет өтілінен гөрі кәсіби дайындықты, білімді, жеке жетістіктерді және қызметтік нәтижелерді алдыңғы орынға шығаруды көздейді.
#MunarMedia #ASTANA #Қазақстан #ҚорғанысМинистрлігі #Әскер #Офицер #Цифрландыру #ӘскериҚызмет #Мансап #СыбайласЖемқорлық #Қауіпсіздік