Қазақстан Еуропа мен Таяу Шығыстағы негізгі серіктестерімен ынтымақтастықты кеңейтуде

35

АҚАБ ҮДЕРІСІ – ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС

Батыс Африка бойынша Акаб үдерісі саммиті аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Қошербаев бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Бұл қадамдар Астананың халықаралық дипломатиядағы салмағы артып келе жатқанын айқын көрсетті.

Иордания Королімен кездесуде – ортақ қауіпсіздік мүдделері

Министрдің Италияға сапары барысында Қошербаев Иордания Королі Абдалла ІІ-мен кездесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен жылы лебізін жеткізген Қазақстан өкілі Акаб үдерісін терроризм, экстремизм және трансұлттық қылмысқа қарсы күрестегі маңызды алаң ретінде қолдайтынын нақты білдірді. Тараптар жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылай келе, бірлескен бастамаларды күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Италиямен байланыс – стратегиялық серіктестікке негізделген

Сондай-ақ Ермек Қошербаев Италияның Министрлер кеңесінің төрайымы Джорджа Мелонимен кездесу өткізіп, Серджо Маттарелла мен Мелонидің Қазақстанға жасаған сапарларында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады. Италия басшысы екіжақты байланысты тереңдетуге, соның ішінде «Орталық Азия – Италия» форматында жұмыс істеуге әзір екенін атап өтті.

Италия Сыртқы істер министрі әрі Үкімет төрағасының орынбасары Антонио Таянимен кездесу кезінде экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, энергетика, машина жасау, «жасыл» технологиялар, агросектор, білім мен ғылым салаларындағы серіктестікті нығайту жайы сөз болды. Қазақстан жаңа жобаларға дайын екенін білдірсе, итальян тарапы сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Қазақстан мен Италия – өзара сенімге негізделген серіктестер

2024 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетті. Еуропалық Одақ аясында Италия – Қазақстанның басты серіктестерінің бірі. Ал Қазақстан Рим үшін Орталық Азиядағы стратегиялық одақтас әрі сенімді энергетикалық серіктес болып қала береді.