Қазақстан ғалымдарының CERN бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі

13

Munarmedia.kz.02.09.2026.ASTANA. Қазақстандық ғалымдардың Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының (CERN) халықаралық ғылыми бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Бұл мәселе Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен CERN бас директоры Марк Томсонның кездесуінде талқыланды.

Кездесу барысында тараптар жоғары энергиялар физикасы саласындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстанда бейбіт атом саласына қажетті инженерлік кадрларды даярлау мәселелерін қарастырды.

Қазіргі уақытта отандық ғалымдардың CERN базасында халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына мүмкіндік беретін практикалық тетікті іске қосатын арнайы құжат әзірленіп жатыр.

Құжат қабылданғаннан кейін қазақстандық зерттеушілер CERN аясындағы жаһандық ғылыми эксперименттерге қатысып, ұйымның ғылыми-зерттеу базасында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.

CERN – әлемдегі іргелі физика саласындағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Ұйымның зерттеулері элементар бөлшектердің қасиеттерін және материяның іргелі құрылымын зерттеуге бағытталған.

Қазақстан үшін бұл ынтымақтастық жоғары энергиялар физикасын дамытуға, жас ғалымдардың халықаралық ғылыми ортаға шығуына және елде заманауи инженерлік құзыреттерді қалыптастыруға жаңа мүмкіндік береді.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми жобаларға қатысу қазақстандық мамандардың тәжірибесін арттырып, ядролық технологиялар мен атом энергетикасы саласына қажетті жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлауға ықпал етуі мүмкін.

#Munarmedia #Қазақстан #Астана #CERN #СаясатНұрбек #МаркТомсон #Ғылым #ЖоғарыЭнергияларФизикасы #Физика #Ғалымдар #Инженерлер #ЯдролықЗерттеулер #БейбітАтом #ҒылымиЫнтымақтастық #Технология