Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Қазақстандағы әйел-сотталушыларға рақымшылық жариялау туралы бастама көтерді. Ол зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмыстар үшін сотталған әйелдерді, жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балалары бар аналарды, көпбалалы аналарды, алғаш рет сотталғандарды және 60 жастан асқан әйелдерді мерзімінен бұрын босатуды немесе жаза мерзімін қысқартуды ұсынды.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі бұл бастаманы тұжырымдамалық тұрғыдан қолдайтынын мәлімдеді, бірақ оның белгілі бір қауіптері бар екенін де атап өтті.
«Бүгінгі таңда елімізде 6399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жаза өтеп жатыр. Олардың 2692-сі бас бостандығынан айыру орындарында, ал 3707-і пробациялық бақылауда. Жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған 1220 әйелді жаза өтеуден босату мүмкіндігі қарастырылуда», – деп хабарлады ІІМ өкілдері.
Министрлік рақымшылық жасау қылмыстың қайталану қаупін тудыруы мүмкін екенін ескеріп, бұл шешім жан-жақты сараптауды қажет ететінін атап өтті.