CEOWORLD Magazine жариялаған денсаулық сақтау жүйесінің сапасы жөніндегі рейтингте Қазақстан 110 елдің ішінде 78-орын алды. Елдің индексі 34,28-ге тең, ал рейтингте көрсеткіш 100-ге жақындаған сайын жүйенің сапасы жоғары деп бағаланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі аймақтағы ең төмен көрсеткіштердің бірін иеленді. Республика тек Түрікменстанды ғана басып озды. Ал Ресей 42-орынға, Әзербайжан 57-орынға, Беларусь 61-орынға, Өзбекстан 64-орынға, ал Украина 76-орынға жайғасты.
Денсаулық сақтау индексі – бұл медициналық жүйенің жалпы сапасына жасалған статистикалық талдау. Ол бірнеше маңызды факторларды қамтиды: медициналық инфрақұрылым, медицина мамандарының біліктілігі, қызметтердің құны, сапалы дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі және үкіметтің салаға деген дайындығы. Сондай-ақ, рейтинг экологиялық жағдайды, таза су мен санитарлық талаптардың сақталуын, сондай-ақ, халықтың денсаулығына қауіп төндіретін темекі шегу мен семіздікке қатысты үкіметтің алдын алу шараларын да ескереді.