Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Қазақстан Президенті Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанмен келіссөз жүргізді

14


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанмен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды жылы қабылдап, өткен жылы Будапештке жасаған мемлекеттік сапарын ризашылықпен еске алды. Президент сол сапар аясында бірқатар стратегиялық маңызды келісімдерге қол қойылып, Қазақстан мен Венгрия арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайту бағытында елеулі қадамдар жасалғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыты ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті атады. 2024 жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 200 миллион АҚШ долларына жуықтап, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 37 пайызға өскен.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Венгрия тарапынан Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі 370 миллион доллардан асқанын атап өтті. Қазіргі таңда бірлескен инвестициялық портфель жалпы құны 700 миллион долларды құрайтын 16 жобаны қамтиды. Бұл жобалар машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика сияқты салаларды қамтып отыр.

Президент алдағы уақытта өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің маңыздылығына ерекше тоқталып, Қазақстанның Ұйым аясындағы басым бағыттар бойынша сындарлы диалог жүргізуге бейілді екенін растады.

Өз кезегінде Виктор Орбан Президент Тоқаевқа көрсетілген құрмет пен жылы қабылдау үшін алғыс айтып, қазақ-венгр қатынастарының тұрақты әрі оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары екіжақты ынтымақтастық, әсіресе экономикалық салада, серпінді дамуда. Ол сондай-ақ ОТҰ саммитін ұйымдастыру мен өткізу ісіне көрсетілген жан-жақты қолдау үшін ризашылығын білдірді.

Келіссөздер барысында тараптар былтыр жоғары деңгейде өткен кездесулердің қорытындысы бойынша қабылданған келісімдердің іске асырылу барысын талқылады. Сонымен қатар энергетика, сауда және инвестиция салаларындағы бірлескен жобалар қарастырылып, өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу болды.