Munarmedia.kz 17.06.2025 /Астана/-Қазақстан азаматтарының 16,3 миллион жазбадан тұратын жеке деректері интернетке тарады. Бұл ақпаратты кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы – TSARKA растады.
TSARKA орталығының мәліметінше, бұл ауқымды дерек ағып кету оқиғасы «Қазақстан тұрғындары 2024» деген бейресми атауға ие болған.
– Бұл өте ірі оқиға: жалпы саны 16 миллионнан астам жазба ашық қолжетімділікте тұр, бұл Қазақстан халқының басым бөлігін қамтиды. Ең алаңдатарлығы – бұл тек аты-жөнмен шектелмейді. Тараған деректердің арасында толық аты-жөні, туған күні, ЖСН, тұрғылықты мекенжайы, ұялы, үй және жұмыс телефон нөмірлері бар. Кей деректер медициналық мекемелер – емханалар мен стоматологиялар арқылы жиналған болуы мүмкін. Яғни бұл ақпарат түрлі салалардан біріктірілген мәліметтер болуы ықтимал, – деп мәлімдеді TSARKA Group вице-президенті Енлік Сатиева.
Қазіргі уақытта бұл деректердің нақты қай жерден тарағаны анықталған жоқ. TSARKA сарапшыларының пайымынша, бұл белгілі бір қызмет түріне қатысты база болуы мүмкін немесе ЖСН арқылы біріктірілген бірнеше дереккөздің жиынтығы болуы да ықтимал.
💬 Ашық желіге тараған қазақстандықтардың деректері:
-
Фамилиясы
-
Аты
-
Әкесінің аты
-
Жынысы
-
Туған күні
-
Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)
-
Ұялы телефон нөмірі
-
Жұмыс телефоны
-
Үй телефоны
-
Азаматтығы
-
Ұлты
-
Мекенжайы
-
Мекенжайды растау мәртебесі
-
Тұруды бастаған күні
TSARKA мамандары бұл мәліметтердің киберқауіпсіздік тұрғысынан да, азаматтардың құқығы мен жеке өміріне төнетін қауіп тұрғысынан да өте жоғары тәуекел туғызатынын ескертуде.