Қазақстанда 1 миллионнан астам жұмыс орнын жасанды интеллект алмастыруы мүмкін

52

Munarmedia.kz 19.09.2025 ж. /Астана/-18 қыркүйекте Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин жасанды интеллекттің Қазақстан еңбек нарығына ықпалы жөнінде баяндама жасады.

Оның айтуынша, әлемдегі өндірістік процестерді автоматтандыру мен цифрландыру үрдісі біздің елдің еңбек құрылымына да айтарлықтай әсер ете бастады.

"Генеративті жасанды интеллекттің пайда болуы адам еңбегінің ығыстырылу мәселесін қайта көтерді. Министрлік автоматтандыру мен жасанды интеллекттің жұмыспен қамтылуға ықпалы бойынша зерттеу жүргізді. 423 кәсіби топты талдау нәтижесінде шамамен 25% жұмыс орны, яғни 2,2 миллионға жуық қызметтің орташа және жоғары деңгейде автоматтандырылу қаупі бар екені анықталды. Оның ішінде 1 миллионнан астамын генеративті жасанды интеллект алмастыруы ықтимал", – деді Анафин.

Ең үлкен қауіп Алматы, Астана және Шымкент қалаларында байқалады. Бұл мегаполистерде автоматтандыру жұмыс орындарының үштен біріне дейін әсер етуі мүмкін. Сала бойынша қаржы, ақпараттық технологиялар, ғылым мен денсаулық сақтау ең осал бағыттар ретінде аталды.

Сонымен қатар вице-министр жаппай жұмыссыздық қаупін жоққа шығарды:
"Қазақстанда еңбек құны салыстырмалы түрде төмен. Сол себепті автоматтандыру біртіндеп жүреді, компаниялар экономикалық тиімділігін көргеннен кейін ғана жеделдете бастайды. Ал параллель түрде жаңа мамандықтар пайда болады – дрон және робот техникасының операторлары, деректерді талдау және киберқұқық саласының мамандары", – деп атап өтті Анафин.

Маман пікірінше, алдағы онжылдықта еңбек нарығы түбегейлі өзгерістерге ұшырап, жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс артады.