Қазақстанда 2029 жылы Президент сайлауы өтеді

87

Munarmedia.kz 17.03.2026 /Astana/ – Қазақстанда келесі президент сайлауы жоспарға сәйкес 2029 жылы өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Журналистер Президенттен вице-президент лауазымының енгізілуінің мақсаты туралы сұрақ қойған. Кейбір сарапшылар конституциялық реформаны «билік транзитіне дайындық» деп бағалап жүргенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, вице-президент қызметіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Оның сөзінше, мұндай лауазым бірқатар шетел мемлекеттерінде бар және бұл қалыпты тәжірибе саналады.

«Маған вице-президент қызметіне байланысты әртүрлі әңгімелер айтылып жатқанын білемін. Шынында да, бірқатар шетелдік мемлекеттерде мұндай лауазым бар. Кейбір сарапшылар Қазақстанда билік ішінде бәсекелестік күшейіп, қоғамды алаңдататын түрлі үрдістер пайда болуы мүмкін деп санайды. Алайда мұның қоғамға кері әсер етеді деп алаңдауға негіз жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл лауазымға үлкен үміт артатынын атап өтті. Сонымен қатар ол келесі президент сайлауы белгіленген кестеге сәйкес 2029 жылы өтетінін жеткізді.